Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы.
Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды.
Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды.
– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа
үлгісіне көшу жоспарланып отыр
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Аида Балаева әскери реформа жоспарын таныстырды.
Әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді: сарбаздар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, кейінгі 6 айда әскери бөлімдерде қызмет етеді.
Қарулы Күштердің құрылымын жаңарту, басқару жүйесін жетілдіру және Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделген.
Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау үшін арнайы уәкіл және әскери консультанттар институттарын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Жас айбын» әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту және әскери мектептер желісін кеңейту ұсынылды.

Қазақстанда әскери реформа жоспары мақұлданды
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспарын таныстырды. Реформа аясында әскердегі тәртіпті күшейту және қоғамның армияға деген сенімін арттыру көзделген.
Ұйымдастыру шаралары биылғы жылдың соңына дейін, ал негізгі өзгерістер келесі жылы жүзеге асырылады.
Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеруді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Жоспардың орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.

Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы