Басты Жаңалықтар Адамның араласуынсыз тапсырма орындайтын ЖИ жүйелері талқыланады

Адамның араласуынсыз тапсырма орындайтын ЖИ жүйелері талқыланады

Бүгін Астанада жасанды интеллект пен бұлттық технологияларды дамытуға арналған Innovation Day халықаралық конференциясы басталды. Ауқымды жиынға Amazon Web Services компаниясының халықаралық сарапшылары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері және IT саласының мамандары қатыспақ. Әріптесіміз бұл конференцияға арнайы барды. 

 Ақниет Балтанова, тілші:

Бұл жиын елордада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Былтырғы басқосуда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланған болатын. Ал биыл жасанды интеллектіні нақты қолданысқа енгізу ұсыныстары талқыланбақ. Яғни жаңа технологияларды таныстырумен шектелмей, оларды мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың күнделікті жұмысында тиімді пайдалану жолдары қарастырылады деп жоспарланған. Конференцияның басты тақырыптарының бірі – интеллектуалды агенттер. Бұл адамның тұрақты бақылауынсыз белгілі бір тапсырмаларды өздігінен орындай алатын жасанды интеллект жүйелері. Сарапшылар мұндай технологиялардың мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректерді өңдеуге және кәсіпорындардың жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік беретінін айтады. Жиында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Қазақстанның цифрлық даму стратегиясына тоқталмақ. Ал «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері жасанды интеллектіні өз қызметінде қолдану тәжірибесін таныстырады.

Бөлісу