Басты Жаңалықтар Алматыда өнертанушы Мұхамеджан Әлімбаевтың 75 жылдығына арналған көрме ашылды

Алматыда өнертанушы Мұхамеджан Әлімбаевтың 75 жылдығына арналған көрме ашылды

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өнертанушы әрі коллекционер Мұхамеджан Әлімбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай, «Алыстан жеткен асылдар» атты коллекциялық еске алу көрмесі ашылды. Шара аясында екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақта Мұхамеджан Әлімбаевтың өмір жолы, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, сондай-ақ ол туралы әр жылдары жазылған естеліктер топтастырылған. Коллекционер саналы ғұмырын қазақтың дәстүрлі қолөнерін зерттеуге, ұлттық мұраны жинауға және насихаттауға арнаған. Ол ұйымдастырған этнографиялық экспедициялар нәтижесінде еліміздің әр өңірінен құнды қолөнер бұйымдары жиналды. Өнертанушының жеке коллекциясында мыңнан аса жәдігер сақталған. Экспозициядағы ерекше жәдігерлердің бірі – қазақ қолөнер бұйымдарының арасында ғарышқа ұшқан алғашқы кілемше ретінде ұсынылған туынды. Мұхамеджан Әлімбаев бұл кілемшені 1991 жылы ғарышқа аттанар алдында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке сыйға тартқан.

Мұхит Әлімбаев, Мұхамеджан Әлімбаевтың ұлы:

1991  жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан кезде арнайы кілем тоқытып, эскиз бойынша кілемді ғарышқа ұшырған. Сол кілем Қазақ ұлттық орталық мұражайында сақталды. Сол экспонатты бізге берген музейдің директорына көп алғыс айтамыз. Экспонатты бізге беріп, біз оны көрмеге қойдық.

Бөлісу