Қайғылы оқиға өткен сенбі күні болды. Бурабай ауданына қарасты Ұрымқай ауылында тұратын бүлдіршін аудандық ауруханада қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша ол шұжықтан ұшынған. Тағы екі бала ауруханада жатыр.
Ұшынғандар ағайындылардың балалары. Олар 16 қазан күні Щучье қаласындағы дүкендердің бірінен сатып алынған шұжықты жеген. Екінші күні-ақ, балалар өздерін жайсыз сезінді. Оларды Ұрымқай ауылдық дәрігер аудандық ауруханаға жіберген.
Динара Шишнинова, Ұрымқай ауылының тұрғыны:
- Менің ойымша, шұжықтан болды. Оны үйге әкеліп жедік. Екінші күні балалардың іштері ауырды. Құсып ауырды. Сосын сол күні кешке қарай ауруханаға әкелдік.
Екі күннен соң 2 жасар Айзеренің жағдайы күрт нашарлаған. Тасымалдауға жарамағандықтан, облыстан мамандар шақыртылды. Алайда, олар да көмектесе алмаған.
Нұрәли Тұрғынбаев, Бурабай көпбейінді ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- 20-сы күні таңғы 05:40-та баланың жағдайының нашарлауына байланысты жансақтау бөлімінде аудандық ауруханада көз жұмды.
Қазір Ақмола облысы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Тексеріс нәтижесі бірнеше күнде дайын болмақ.
Әсем Төлеубаева, Ақмола облысы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
- Сынамалар алынып, бүгінгі таңда үй ошағында да, сауда орнынан да сынамалар алынып, қорытындысы әлі анықталып жатыр. Нақты себебі әлі белгісіз. Күдікті жағдай тамақтан улану деп отырмыз. Зертхана қорытындысы анықталатын болады.
Астан ұшынған басқа екі бала қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайлары бірқалыпты.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.