Мобильді қосымшаның атауы – «Реал ЛРТ». Оны «Android» жүйесіндегі ұялы телефондарға ғаламтордан жүктеп алуға болады. Әзірге ол тестілеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ, «Astana LRT» компаниясы жол ақысын төлеу үшін көлік карталарын білезік түрінде шығаруды жоспарлап отыр. Түрі білезікке ұқсас келетін карта әсіресе, балаларға ыңғайлы болмақ. Яғни, оның ішінде чип болады. Бұдан өзге, картаны толтырудың тағы бір әдісі енгізіледі.
Дәурен Нұрәлиев, «Astana LRT» ЖШС төлем жүйесі департаменті директоры:
- Желтоқсан айының басында қалада 100-ден аса нүкте пайда болады. Ол жерде картаңызды сол мезетте толтырып алуға мүмкіндік болмақ. Ол жұмыстар жасалып жатыр.
Дегенмен, әзірге жолақы төлеудегі мәселелер толық шешімін таппай отыр. Астанада бүгінге дейін жолақысын төлемеген 5 мыңдай жолаушыға 23 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде тасымалдаушыларға қатысты 700-ге жуық хаттама толтырылған. Сондай-ақ, 600-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы «Astana LRT» компаниясында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, көліктік бақылау қызметі аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат тәртібінде жұмыс істейді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ