Қостанай облысында туберкулезге қарсы сауықтыру шипажайының 132 қызметкері қыркүйек айының жалақысын әлі алмаған. Мекеменің жалпы жалақы қарызы 4 млн. 700 мың теңге. Бұл келеңсіздікті шағым бойынша тексеріс жүргізген Еңбек инспекциясы анықтады. Жалпы, жыл басынан бері еңбек дауына қатысты облыс бойынша 870 шағым түсіп, 900-ден астам заңбұзушылық анықталған. Соның басым бөлігі жалақының уақытында төленбеуі. Биыл 1540 адамның 400 млн. теңгеден астам еңбекақысы құзырлы орындардың араласуымен өндірілген. Шипажай қызметкерлеріне байланысты мәселені облыс әкімі өз бақылауына алды. Мекеме басшысына жалақыны уақтылы төлеуді бір жүйеге келтіруді тапсырды.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Бұл жерде жұмыстарыңызда бір жүйе жоқтығы көрініп тұр. Сіздер мемлекеттік мекемені басқарасыздар, сөйте тұра жалақыны уақытылы төлей алмай отырсыздар. 132 адамның несиесі болуы мүмкін. Басқа да мұқтаждықтары бар. Сондықтан, жұмысты бір жүйеге келтіріп, еңбекақыны ай сайын уақытылы төлеуді қамтамасыз етіңіздер.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.