Бүгін халықаралық қарттар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін халықаралық қарттар күні

01.10.2018

Қарт десе біздің есімізге қарттар үйін паналаған қараусыз, қамкөңіл қариялар түседі. Анығында, қарт деп өз отының басы болып, қартайғанда далаға тастамай бағатын өнегелі ұрпақ өсіріп, елге үлгі көрсетіп отырған ақсақалды атаса керек. Міне, біз бүгін жүзге келіп қазыналы қария атанған Қалымбай ата туралы айтпақпыз. Бабасының 100 жасқа келген мерейтойына қатысқан шөберелерінің қуанышына куә болған Нұрлан Асқарұлы көпті көрген кемеңгер атамен сұхбаттасып келді.

Қалымбай Нұрманұлы 1916 жылы Беріктас ауылында жарық дүниеге келген. Бірақ, төлқұжатында 1918 жылы туған деп жазылған. Сондықтан ол 102 жасқа келсе де, заңдық құжат бойынша 100 жас мерейтойын атап өтті. Оның 8 баласынан 18 немере, 19 шөбере тараған. Әулеттің киесіне айналған ақсақалды немере келіндері төбесіне көтеріп, жылы-жұмсағын беріп қадірлеп отыр.

Аштықты басынан өткеріп, соғыс жылдары тылда еңбек етіп, атан түйеге жүк болар тауқыметті тартқан ақсақал бүгінгі тыныш, бейқұт күнге шүкірлік ету керек деген аталық сөзін жеткізді. 

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» демекші, ақсақалды абызын сыйлаған ауылдықтар мерейтойға орай баптаулы атын бәйгеге қосып, ұлттық ойындарды жаңғыртты.

«Ат шаппайды бап шабады, бап шаппайды бақ шабады» дегендей, бағы келіскен Бағым оза шауып 25 шақырым қашықтықта мәреге бірінші келіп, жыл бойы жаратқан егесін қуантты. 

Беріктастықтарға ғана емес Алатаудың құйқалы баурайын қоныс еткен жұрт үшін ұлы тойға айналған аламанға жиналған шабандоздар көкпар тартып, белді аты мен білегінің күшін сынап мерейтойдың көркін кіргізді. Ал, көпті көрген қария бала-шағасы, немере-шөбересі мен ағайын-жұртына өзіне көрсеткен құрметі үшін ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу