Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында бес жасқа толмаған 90 бала қаза тапқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында бес жасқа толмаған 90 бала қаза тапқан

24.09.2018

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 300 адам мерт болса, оның 90-ны бес жасқа толмаған балалар. Бұл туралы биылғы шомылу маусымының аяқталуына орай өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, ажалы судан болғандардың ең көбі Алматы облысында тіркелген. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан мен Павлодар өңірінде өткен жылмен салыстырғанда өсу байқалған. Тілсіз жауға жұтылудың негізгі себептері – қауіпсіздік ережелерін сақтамау, өз күшін толық бағамдамау және аяқ-қолдың тартылуы болып отыр. Өткір тұрған тағы бір мәселе, тұрақты түсіндіру жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, алкогольді ішімдік ішіп суға түсу тыйылар емес. Биылғы маусымда масаң күйде шомылған 8 адам бақилық болса, екі мыңға жуығы жауапқа тартылған.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Өкініштісі сол, біз шомулы маусымы кезінде бес жасқа дейінгі балалардың көп қаза болатынын байқап отырмыз. Мәселен, өткен жылы 126 бүлдіршін мерт болса, биыл тоқсан. Көпшілігі баласын қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығынан болады. Тіпті, жер үйлердің жанындағы арықтар мен қалдық су жиналатын орындарға құлап кетіп, қаза тауып жатыр. Біз бірлесіп осындай жайттардың алдын алуымыз керек.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу