Құрақ көрпе -  Гиннесс рекордтар кітабында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрақ көрпе -  Гиннесс рекордтар кітабында

17.09.2018

Алматыда қала күні ерекше тойланды. Ежелден тігін өнері мен зергерліктің ордасы болған аймақтың қолөнер шеберлері мен ұсталары атаулы датаға орай, тамаша тарту жасады. Олар Жер шарындағы ең ұзын құрақ көрпені тігу арқылы әлемдік рекордты жаңартты. Ал, иісі мұрынды жарып, дәмі тіл үйіретін құлжаның түр-түрі қойылған жәрмеңке көпшілікті тәнті етті. Құлжа дегеніміз кәдімгі апорт алмасының тарихи атауы.

Тұңғыш Президент саябағында ең ұзын құрақ көрпе тігіліп, Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына енді. Ұзындығы 10 900 метр жамылғы саябақты жағалай төселді. Шеберлер көрпені Наурыз меркесінде тігуді бастап, қала күнінде аяқтады.

Роза Қабиева,  қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:  

- Мұның бәрі осы бес айда тез тігіле қалған дүние емес. Қанша адамның еңбегі болды. Еңбегінің жемісі бүгін ақталып жатыр. Сондықтан да бүкіл қалалықтарды үлкен жеңіспен құттықтағым келеді. Бұл  қаланың жеңісі.

Әлемдегі ең ұзын көрпені Геннистің рекордтар кітабына кіргізу үшін арнайы мамандар келіп, оның сапасын тексерді. Олар хас шеберлердің ұжымдық еңбегін жоғары бағалады.

Джона Брент, «Гиннесс рекордтар кітабы» бас кеңсесінің өкілі:

- Қазақстандық құрақ көрпені көріп, бағасын беру үшін қала күні мерекесіне арнайы келдік. Бұл  шынымен де таңқаларлық дүние екен. Мұны дәлелдейтін ресми құжатты табыстадық. Енді құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд жаңарды.  

Алма, десе Алматы, Алматы, десе алма еске түседі. Сондықтан, Алматының символына айналған құлжа, яғни апорт алмасы. Қала күнін тойлауға келген көпшілік диқандар әкелген 100 тонна иісі аңқыған тәтті жемістің дәмін татып, ұлттық-мәдени шараларды тамашалады.

Ал, халықаралық «Сұңқар» трамплин кешенінде Еуразиялық музыка байқауы өтсе, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алатауым - алтын ұям» республикалық ақындар айтысы мерекенің көркін қыздырды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу