Қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі жетіспейді

13.09.2018

Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі жетпей жатыр. Сондықтан, науқас жандар үшін қазір дендеген дерт емес, дәрінің жоқтығы мұңға айналды. Ал, биыл республикалық бюджеттен қалалық онкологиялық қызметке 3 млрд. 222 млн. теңге бөлінген. Алайда, емделушілерге тегін берілетін препараттармен қамтуға жергілікті онкологтардың қауқары жетпей отыр. Науқастардың жанайқайынан кейін алматылық дәрігерлер өзге аймақтағы әріптестерінен қарызға дәрі сұрап, жылу жинауға кірісіпті.

Алматылық Ирина Ковалева 60 жастағы күйеуін бес айдан бері емдетіп келеді. Қатерлі ісікке шалдыққан жолдасы 4 рет химия терапиясын да алған. Ал, осы аралықта отағасы дәрі-дәрмектерді де қабылдау керек еді. Алайда, дәрі атымен жоқ.

Ирина Ковалева, қала тұрғыны:

- Дәрінің мәселесі бар. Бұл өте күрделі түйткіл. Дәрігерлердің тағайындаған дәрілері болмай шығады. Бірінші жағдай емес, екінші рет осылай қайталанып отыр.

Ал, Гүлжан Айтмұханбетова дертіне шипа іздеп, Көкшетаудан келіпті. Қазір Алматыда пәтер жалдап тұрып жатыр. 33 мың зейнетақысының бәріне дәрі-дәрмек сатып алады. Тұрмыстың тауқыметімен қоса, енді оны ауруы да қозып, шыдатар емес.

Гүлімжан Айтмұханбетова, емделуші:

- Химия терапия алып жатырмын. Бірақ, дәрі жоқ дейді. Оны әрдайым сатып аламын. Ол 15 мың теңге тұрады. Өзім үшін аламын, енді не істеймін? Жоқ деген соң оны тосып отырмаймын ғой.

Ал, осы мәселеге қатысты қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары арнайы жиын өткізіп, мән-жайды түсіндірді.

Нұржан Исабеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл Алматы қаласында аурулар санының көбеюіне байланысты.

Енді Алматы онкология орталығының директоры қарыздансақ та, науқастарға дәріні тауып береміз, деп уәде берді.

Нұрсұлтан Аманқосұлы, Алматы онкологиялық орталығының директоры:

- Жетпей жатқан дәрілерді қосымша онкологиялық институттан, сосын Қызылорда облысынан уақытша қарызға алып жатырмыз.

Ал, жауапты мамандар дәрінің дер кезінде жеткізілмей, жағдайдың ушығуы - тендердің тәлкегінен, деген уәж айтты.  

Наталья Зеленская, «СК-Фармация» компаниясының өкілі:

- Алматы онкологиялық диспансері 2018 жылға 2,2 млрд. теңгеге тапсырыс берді. Оны қарастыру кезінде 1,9 млрд. теңгенің өнімі мақұлданды. 1,7 млрд. теңгенің дәрілік заттары жеткізілді. «Герциптин» препараты Қазақстанға қыркүйекте әкелінді. Қазір сертификация процедурасында тұр.

Қалада сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 32 әйел ай сайын «герциптин» дәрісін қолдануы керек. Әр науқас 18 ампуланы 1,5 жыл қабылдайды. Ал, бір ампуланың құны 300 000 теңге тұрады. Ең қиыны, мұндай препарат дәріханаларда сатылмайды. Сатылса да, емделушілердің қалтасы көтермейді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу