Балабақшаларда бүлдіршіндерге зәбір көрсету оқиғаларының жиілеп кету себебі неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақшаларда бүлдіршіндерге зәбір көрсету оқиғаларының жиілеп кету себебі неде?

31.08.2018

Еліміздің балабақшаларында келеңсіз оқиғалардың жиілеп кетуі бұл салаға өзгеріс қажет екенін көрсетті. Астана мен Теміртауда болған соңғы оқиғалардан соң Білім және ғылым министрлігі балалар тәрбиелейтін жеке, мемлекеттік, жалпы, барлық мекемелерге талапты күшейтпек. Ал, Астананың Білім басқармасы жаңа жобаны іске қосуға кірісті.

Елорданың №84 «Кәусар» балабақшасында бір ай бұрын болған даудың жаңғырығы әлі басылып үлгермеген. Мемлекеттік мекеменің қызметкері балаларды ұйықтатар кезде қол көтеруі қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Тәрбиеші жұмыстан қуылып, айыппұлмен құтылды. Енді, міне, мұндай оқиға Теміртауда қайталанып отыр. Ата-аналардың балалары үшін үрейі еселене түсті. Сондықтан, көпшілік «балабақшаларға деген сенімді қайтару үшін, алдымен, жалақы мәселесін шешу қажет», - деп есептейді.

Мемлекеттік балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешілердің жалақысы тәжірибесі мен санатына байланысты. Мәселен, жұмысқа жаңадан орналасқан қызметкердің табысы шамамен 40 теңге ғана. 150 мың теңге көлемінде айлық алу үшін тәрбиешінің ең кемі 10 жыл өтілі болып, ол күні бойы үзіліссіз жұмыс істеуі тиіс. Мұндай шартқа көнетін, әрі білімі де, біліктілігі де талаптарға сай маман табу жылдан-жылға қиындап барады екен.

Ал, жеке балабақшаларда жалақы мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Алайда, жұмысына адал қарамайтындар мұнда да аз емес. 2012 жылы жеке балабақшаны лицензия алмай-ақ ашуға заң жүзінде мүмкіндік берілді. Міне, содан бері жеке мекемелердің саны күрт өсіп кетті. Қазір елордадағы 300-ден астам балабақшаның 200-ге жуығы жеке екен. Баланың жағдайын емес, қалтасын ойлаған кейбір кәсіпкерлер екі-үш бөлмелі пәтерлерді де балабақшаға айналдырып отыр. Балабақшалардағы былықты азайту үшін не істемек керек? Қоғамның басым бөлігі жазаны күшейтіп, мұндай әрекетті әкімшілік емес, қылмыстық іс деп тануды жөн санайды. Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі де бұл ұсынысты қолдап отыр.

Сәуле Айтпаева, ҚР Бала құқытары жөніндегі уәкілі:

- Менің оййымша, оны бәріміз бірге қарастыруымыз керек. Мұндай оқиғалар болмауы үшін профилактика, қоғамдық бақылау болуы керек.

Жүгенсіз кеткен мекемелерді жөнге салуды Білім және ғылым министрлігі де дұрыс деп санайды. Енді министрлік барлық мекемелердің аккредитациядан өтуін міндеттеп, жеке балабақшаларға дейін бейнекамералар орнатуын талап етпекші.

Ал, Астананың Білім басқармасы балабақшаларда орнатылған бейнебақылаудың мүмкіндігін кеңейте түспек. Ата-аналармен бірлесе отырып, жаңа жобаны сынауға кірісті.

Қанатқақты жоба әзірге Астананың 3 балабақшасында енгізіліп отыр. Оны қолдану үшін телефонға арнайы қосымшаны жүктеп алу керек. Қосымша ақылы, шамамен айына 500-700 теңге. Есесіне, бала үшін алаңдамайсыз. Өйткені, күні бойы кез келген уақытта балаңыздың балабақшада не істеп жатқанын телефоннан онлайн режимде бақылауға болады.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу