Елімізде вирустың өршіп кету себебі неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде вирустың өршіп кету себебі неде?

28.06.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елімізді COVID-19 коронавирусы жылдам тарап жатқан мемлекеттердің қатарына қосты. Оны өзімізді де көріп отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің бүгін кешкі сағат жетідегі мәліметі бойынша, вирус жұқтырғандар 20 780, симптомсыз тасымалдаушылардың саны 14087, Олар да таратушылар. Сонда жалпы анықталғаны 34 867 адам. Жазылып шыққандар 12 824. Қайтыс болғандар 173.

Жағдай ушыға берсе, тұтас халық денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Бұл алаңдайтын, алаңдап бастаған мәселе. Президент Twitter-дегі парағында: «Үкіметке және Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшылығына келесі аптада коронавирус жағдайын тұрақтандыру, оның одан әрі таралуына жол бермеу, ауруханалар мен емханалардағы азаматтарға көрсетілетін қызметті жақсарту жөнінде қосымша шаралар әзірлеп ұсыну тапсырылды».- деп жазған.

Мынау осы аптада әлеуметтік желілерде тараған видео, Шымкентте жедел жәрдем дәрігері болып істейтін Арман Хамзин түсірген.

Жедел жәрдем үлгермей жатыр, барғанның өзінде ауруханаларда орын жоқ. Күні кеше Ақтауда теннис орталығында провизорлық стационар жабдықталған. Соңғы аптада пневмонияға шалдыққандар күннен күнге көбейіп барады. Мысалы, Нұр-Сұлтанда тәулігіне 600 –ге жуық адамға өкпе қабыну диагнозы қойылып жатқанын қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты. Бұрын бұл цифр 80 болған... Екі өкпенің қатты қабынуының себебі коронавирус деген болжам айтушылар бар, ал ондай науқастарда коронавирус анықталмағанын вирус ауыз қуысы мен мұрында қалмай, өкпеге өтіп кеткен деп түсіндіреді. Әйтпесе пневмония бұлайша өршімейді, деген. Үйде емделу басталды. Таныстары жіберген немесе интернеттен алған ақпарат бойынша емделіп жатқандар қаншама... Дәрігер ең болмағанда бір рет қарамай, өз бетімен емделудің қауіпті екені белгілі.

Алматы облысындағы меншікті тілшіміз Қуаныш Қанатұлы инфекциялық аурухана қылып қайта жабдықталған Талдықорған әскери гарнизонының госпиталінде болған, сонда емделген ерлі-зайыптылардың мына айтқандарын тағы тыңдап көрелік.

Иә, вирус таралуы қатты өршіп кетті. Әуелі төтенше жағдай режимі алынғасын вирус жоғалып кеткендей тіршілік қылғанымыз еске түседі. Бұл жерде жұмыс істемеу туралы әңгіме жоқ, әңгіме өтірік деп, ешнәрсеге сенбеу және сырға салу, құдалық, жиын-той өткізу жайлы. Вирус таралуының өршуіндегі негізгі кілтипан - жұртшылық пен биліктің бір-біріне кінә артуы мен өзара сенімнің жоқтығы еді. Белгілі сатирик Асқар Наймантаев әлеуметтік желіде мынадай пайымымен бөліскен: 

Ал барына сенеміз бе, жоқ па, түрлі «заговор» мен қасақана әрекеттер деп ойлаймыз ба, жоқ па, өзара мәмілеге келіп, бір-бірімізді тыңдаймыз ба, жоқ па, вирусқа бәрібір, ол тарай береді, ал біз ауыра береміз. Ауырып, аман қалсақ, жақсы ғой. Жеңіл өтсін дегенді айтатын болдық.


Хабарламаларға жазылу