Қарағанды облысында геологтар мыстың мол қоры бар аумақтарды барлауға кірісті. Ол үшін шетелдік ірі компаниялардан инвестиция тартылған. Бұған қоса, өңірде ірі геохимиялық зертхана салынатын болады. Енді жер астынан табылған пайдалы қазбаны халықаралық талапқа сай сертификаттау жұмыстары өзімізде жүзеге асырылмақ.
Қарағанды облысында шетелдік ірі компаниялардың араласуымен үш бірдей геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі осы «Балқаш-Сарышаған» жобасы. Геологтар бүгінде аэрогеофизикалық жұмыстарды аяқтады. Енді бұрғылау жұмыстары басталып кетті.
Жобаны жүзеге асырушы австралиялық-британдық концерн. Бұл - әлемнің 40 мемлекетінде ірі жобаларды жүзеге асырған алпауыт компания. Тау-кен металлургия алпауыттарының алғашқы үштігіне кіреді. Қарағанды облысында «Балқаш-Сарышаған» және Қорғантас өлкелерінде мыстың 1 миллиард тоннаға дейінгі мол қорын табуды жоспарлап отыр.
Кен Тейнтон, Орталық Азия және Еуропа бойынша геологиялық барлау жұмыстарының бас менеджері:
- Біз 70 мың шақырым аумаққа аэрофизикалық түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Көптеген геохимиялық, геофизикалық зерттеулер жасалды. Енді бұрғылау жұмыстарын бастадық. Нәтиже жаман емес. Жоспардағы кен қорын табамыз деген үміттеміз.
Жалпы, Қарағанды облысы бойынша Германия, Австралия, Түркия және Иран компанияларының араласуымен пайдалы қазбаларды анықтау мақсатында үш үлкен инвестициялық жоба қолға алынған. Соның ең үлкені осы «Балқаш-Сарышаған» және Қорғантас аумағындағы геологиялық барлау жұмыстары. Бірегей жобаларға шетелдік компанияның құйған инвестициясы да қыруар.
Ақбатыр Надырбаев, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:
- 6 миллиард теңгеге жуы қаржы тартылды. Келер жылы тағы 5 миллиард теңге қаражат құйылмақ. Кен орындарының қоры азайып келе жатыр. Сондықтан, геологиялық салаға шетелден инвестиция тартуға жағдай жасалып жатыр.
Бұдан бөлек, Қарағанды облысында дүниежүзілік сапа талаптарына сай үлкен геохимиялық зертхана салынбақ. Жобаны тағы бір австралиялық компания жүзеге асыруда.
Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» АҚ басқарма төрағасы:
- Қазақстанда зертханалар бар. Бірақ, олар дүниежүзілік сертификат алмаған. Яғни, бізге келіп жатқан инвесторлардың барлығы сол зертханаға тапсыра алады. Оның шығарған шешімін дүниежүзілік қаржы институттарына көрсетуге болады. Мұндай зертханалар бізде болмаған. Бұрын ең жақын жер деп Қырғызстанға немесе Ресейге баратын.
Айта кету керек, кенді өңірде шетелдік инвесторлардың араласуымен қолға алынған барлық гелогиялық барлау жұмыстарына отандық жас мамандар тартылған. Қазірдің өзінде 50 маман жан-жақты тәжірибе жинақтауда.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.