Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына -115 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына -115 жыл

12.04.2014
Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына -115 жыл
Еліміздің геологтар ғылыми мектебінің негізін қалаушы, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 115 жыл толды. Саналы ғұмырында қазақ жерінің минералды шикізаттарға, пайдалы қазбаларға бай екенін дәлелдеп кеткен ұлы ғалымның еңбектері бізге азық болуда. Қарағандыда тұратын немере қарындасы Күлтай Баязитова ағасы туралы құнды деректер мен жәдігерлерді әлі де жинақтап жүр.
 
Күлтай Баязитова бала күнінде Қаныш Имантайұлының тізесінде отырып, қисасын тыңдап өскен жан. Ғалым әулетінің үлкен анасы болып есептелетін бірінші жұбайы Шәрипаның да тәрбиесін көрген. Мына мұражайдан таптырмайтын көне суреттері қолымда содан қалды, дейді асылдың сынығы. Қанағаңның алып тұлғасынан елес беретін мына киімдерін де көзінің қарашығындай сақтап келеді.
 
Күлтәй Баязитова, Қаныш Сәтбаевтың немере қарындасы:
Ол кісінің енді иығы кең, шекесінің бәрі енді сондай маңдайлы, шашы бұйра, ерен тұлға еді. Басқа балалар асықпен ойнағанда ол кісі жылтыр тастар іздейді екен тек қана.
 
Иә, бала күнгі арманы бекер болмаған. Кейін есейіп, ілім-білім қуып, ғалым болды. Өткен ғасырдың басында кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі өндіріс орталығына айналдыруда Қаныш Имантайұлының сіңірген еңбегі орасан зор. Екінші дүниежүзілік соғыста арнайы тапсырма беріліп, академик бастаған топ Қарсақбайдағы темір маргенецтің мол қорын тапты. Одан тыс Ертіс-Қарағанды каналын салдыруға да септігі тиді.
 
Бақытгүл Мүсиева, Орталық Қазақстан Геология және жер қойнауын пайдалану департаменті басшысының орынбасары:
Ол кісінің еңбектері әлі күнге дейін бағаланып, әлі күнге ұмытылмайды. Негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстан минералды ресурстарына арналған. Сарыарқаның металлогендік және болжам картасын жасауда ол кісі көп еңбек сіңірген.
 
Сарыарқа, Кенді Алтай, Қарағанды көмір алабы мен Теміртаудағы металлургиялық комбинат сынды ел индустриясының басты көздерін ашуда Қаныш Сәтбаев айтарлықтай үлес қосты. «Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді»,-демекші оның озық зерттеулері әлі күнге қазақ геологиясы саласына азық болып келеді.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу