ШҚО-дағы Көкпекті ауданында ауызсу мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы Көкпекті ауданында ауызсу мәселесі шешіледі

12.07.2018

Шығыс Қазақстандағы Көкпекті ауданының тұрғындары ауызсуға зәру. Ондағы құбырлар жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген. Кейбір ауылдардың тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге тасып ішіп отыр. Өткір мәселені көкпектіліктер Мәжіліс депутатымен кездесуде көтерді.    

Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылы тұрғындарының ауызсу тапшылығын тартып отырғанына жарты ғасыр. 8 мыңға жуық халқы бар елді мекенге су құбыры сонау 1970-ші жылдары тартылған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әбден тозығы жеткендіктен, күніне 3 уақыт қана су беріледі.

Нұржан Нәжінов, Самар ауылының тұрғыны:

- Таңертең, түсте, кешке 3 уақыт су аламын. Кейде қонақ келгенде одан да көбірек аламыз. Су жоқ, тартып берсе, жақсы болар еді.

Биыл ғана ауылға су құбырлары тартыла бастады. Өйткені, облысқа 11 млрд. қаржы бөлініп отыр. Алдағы уақытта аймақтағы 40 ауылды сумен қамту жоспарланған. Оның ішінде Көкпекті ауданындағы Самар, Бастаушы, Теректі, Көкпекті елді мекендері де бар.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасының биылғы халыққа Жолдауына сәйкес, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 100 млрд. теңге бөлініп, ол қаражат өңірлерге жеткізіліп отыр. ШҚО-да, аудандарда, ауылдарда таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қазіргі кезде қарқынды жүргізіліп жатыр. Оны біз аралап, көріп, жұмысымен танысып жатырмыз.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік мүлік туралы заңға енгізілген өзгерістерге сай, ауызсумен жабдықтау нысандарын жөндеу жұмысы коммуналдық кәсіпорын құзырына өтті. Енді олар тендерсіз-ақ шаруаларын реттей алады. Яғни, шағын ауылдардардағы ауызсу мәселесін өздері шеше бермек.

 

Рысгүл МАДВАСОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу