«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай-Бурабай» мұражайы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай-Бурабай» мұражайы ашылды

09.07.2018

Ақмола облысының аумағында Бурабайдың баурайында «Ботай-Бурабай» атты мәдени-тарихи музейінің визит орталығы ашылды. Орталықтың орын тебуіне «EQUUS», яғни, «Жылқы» атты деректі трилогияның түсірілуі тікелей ықпал еткен.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Clearwater Documentary» компаниясы меморандумға қол қойып, оның аясында «EQUUS» фильмі түсірілгелі жатқанын сүйіншілеп айтқан едік. Себебі, жылқыны алғаш қолға үйреткен біздің бабаларымыз.

Бурабайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай-Бурабай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығы ашылды. Орталық Жекебатыр тауының баурайында салынған. Нысанның ашылуы рәсіміне Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысты.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Осы жоба тек бейнеде ғана емес, біздің ғалымдар, оқытушылар мен оқушылар зерттей алады деген сенімдеміз.

Ботай мәдениетіне тән нысан жеті баспанадан тұрады. Үйшіктер жерасты жолы арқылы қосылған. Әр үйдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, біреуі қару-жарақ сақтауға, біреуі ас әзірлеуге арналған. Жоба Ботай мәдениетін ашқан ғалым Виктор Зайберттің зерттеулерінің негізінде орындалған.

Виктор Зайберт, тарихшы:

- 6 мың жыл бұрын адамдар осындай үйлерде өмір сүрген. Олар осындай керемет архитектура ойлап тауып, бүкіл әлемге таратқан.

Визит орталықтың Бурабайда салынуы бекер емес. Бұл жер туристерді қызықтыратын нысан болып қалыптаспақ.

Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:

- Бұл жоба біз үшін екі бағыт бойынша маңызды. Әуелі бұл мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің бірі. Екіншіден, осы жер рухани азық алар орын болмақ.

Айта кету керек, адамзат тарихында жылқыны алғаш осы Ақмола облысының аумағында қолға үйреткен. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген дерек. Ал, орталық келушілерге әрдайым ашық.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу