Туымыз - көгімізде, Елтаңба - төрімізде, Әнұран - көкірегімізде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туымыз - көгімізде, Елтаңба - төрімізде, Әнұран - көкірегімізде

04.06.2018

Бүгін - мемлекеттік рәміздер күні. Егемендігіміздің, елдігіміздің басты нышандары көк Туымыз, еңселі Елтаңбамыз бен әуезді Әнұранымызды асқақтатын күн 1992 жылдан бері тойланып келеді. Төл рәміздерге бүгін ел бойынша жас та, жасамыс та ерекше құрмет көрсетті. Ал, біз мемлекеттік нышандарымыздың шығу тарихына көз жүгіртуді жөн санадық.

Егенмендігін енді алып, еңсесін көтере бастаған шақта елдігімізді нығайту үшін рәміздерді бекіту басты міндет еді. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын дайындауға арнайы байқау жарияланды. Оған 600-ден астам адам қатысқан. Мемлекеттік тудың эксизі жасалған 1200-дей өтініш түскен. Болашақ Елтаңбаға ұсыныс ретінде 312 жоба, оның 245-і сурет, 67-і сипаттама түрінде, ал, Әнұранның 750 нұсқасы келген. Шығармашылық комиссия жүздеген жобаның ішінен қазіргілерін іріктеп алды. Өйткені, олар тарихи, саяси астар мен жас Тәуелсіз мемлекеттің бағытын көркем тәсілмен барынша жеткізе білді. Елтаңбамыздың авторлары Шота Уәлихан мен Жандарбек Мәлібеков еліміздің басты атрибутының әр элементіне үлкен мән беріп ойластырған. Елтаңбада бар 40-тан астам символдың өз атауы, өзіндік мағынасы бар.

Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, сәулетші:

- Біздің дәуірімізге дейінгі 4-5 ғасырдағы Алтын адам тұлғасына жүгіндім. Сол дәуірде қазақ халқының мәдениетінің үлгісі еді. Алтын адамның тәжінде тұрған жануарлар бар. Сол жануарларды тұлпарларға айналдырдым. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Уықтар мен шаңырақ. Елбасымыз құрған Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деген ұйым бар. Сол Қазақстан деген мемлекеттің атауын беріп тұр. Сөйтіп, бүкіл ұлттардың барлығы бір шаңырақтың астында.

Ал, көк Тудың желбірегені – жеңістің келгені. Қазақтың атын әлемге әйгілеп, бәйгелерден озып, талай отандасымыз беделімізді асқақтатты. Спортшыларымыз дүниежүзілік сайыстар мен олимпиадаларда Қазақстанның Туын көтеріп, 4 мыңнан астам рет жүріп өткен. Біздің жалауымыз ең биік шыңдарға орнатылды. Эверестті бағындырды. Осындай жеңістер мен жарқын жетістіктерге жетелейтін байрағымыздың авторы Шәкен Ниязбековтың есімі тарихта алтын әріппен жазылатынына күмән жоқ.

Ерлікті, елдікті, еңбекті дәріптеген Әнұран. Бұл нұсқа 2006 жылдың қаңтарында қабылданды. Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» өлеңінің сөздерін өзгертіп, жаңа леп берген Елбасының өзі. Рух сыйлап, отанға деген сүйіспеншілікті еселейтін әсерлі сөздерді Шәмші Қалдаяқов әуезді әуенмен әрледі. Елорданың жас патриоттары Әнұранды сауда орындарының бірінде орындап, көпшілікті бір серпілтті.

Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

- Кез келген мемлекетте оның тарихы, мемлекеттік рәміздерінің орны зор. Біз осындай іс-шаралар арқылы жастар арасында рәміздер, Ту мен Әнұран тарихын егжей-тегжейлі жеткізгіміз келеді.

Туымыз көгімізде, Елтаңбамыз төрімізде, ал, Әнұранымыз көкірегімізде. Тәуелсіздіктің тұмары – төл рәміздерге деген құрмет балабақшадан бастап насихатталады. Өйткені, мемлекеттік символдарда ұлттық ою-өрнегіміз, салтымыз, даналығымыз, даралығымыз, бүкіл болмысымыз жатыр. Сондықтан, қастерлі рәміздерге деген құрмет мәңгі болғай.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу