Жамбыл облысының Ақкөл ауылындағы орта мектепті аяқтаған азаматтар туған ауылдарына 3 нысан салып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының Ақкөл ауылындағы орта мектепті аяқтаған азаматтар туған ауылдарына 3 нысан салып берді

25.05.2018

Туған жерге тарту. Талас ауданы Ақкөл аулының азаматтары бірлігінің бекемдігін көрсетті. Осындағы орта мектепті әр жылдары аяқтаған азаматтар өз қаражаттары есебінен туған ауылдарына 3 бірдей нысан салып берді.

Ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналған алғашқы нысан  – «Бақыт құсы» аталатын монумент. Биіктігі 8 метрлік монумент 8 млн. теңгеге тұрғызылған. Көгінде қыраны қалықтаған жер шарында Қазақ елі картасы мен Ақкөл ауылының орны көрсетілген. Бұл - осы ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың тартуы.

Талғат Жолтаев, Ақкөл орта мектебінің түлегі:

- Ісіміз болашақ ұрпағымызға, жастарымызға үлгі болады. Елімізді, жерімізді сүюге үлкен тәрбие болады деп есептеймін. 

Ақкөл мектебін бітіргендеріне 20, 30 жыл болған түлектердің де туған жерге тартуы тамаша. Алғашқылары 15 млн. теңгеге күрес кешенін салып берсе, соңғылары түрлі іс-шаралар өткізуге арналған жазғы алаңшаны ел игілігіне тапсырды.

Нұрлан Бердиев, Ақкөл орта мектебінің түлегі:

- Мектеп бітіргенімізге 20 жыл. 1998 жылғы түлектерміз. Ауылдың, ауыл жастары мен халқының рухын көтеру үшін, ақылдасып, Ақкөл спорт кешенін салуды шештік.

Тұрғынбай Тәжібеков, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Тұғыр орнатып, спорт кешенін тұрғызып, ауылға деген адалдықтарын көрсетіп отыр. Қиыннан қиыстырып, осындай іс жасаған жастарымызға мың да бір рахмет айтамыз.

Осы жерде туып-өсіп, бүгінде сан салада еңбек етіп жүрген ауыл азаматтарының бұл ісі – көпке үлгі. Су жаңа ғимаратта спорттық жарыстардан аудандық біріншілік дәл бүгін басталып та кетті.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу