Бір ай бұрын біздің телеарнаға «үй аламыз» деп алданып қалып, 8 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүрген тұрғындар шағымданған еді. Өз құқығын даулап жүрген ең белсенді 5 адамның ортақ алашағы - 3 жарым млн. теңге. Ал, борышкер алаяқтық үшін түрмеге отырып шыққанымен, қарызын қайтаруға асықпайды. Бұл жолы әділдік іздеген тұрғындар Әділет министріне жүгінді.
«Үй аламыз» деп, күйі кеткен азаматтар «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келді. Әділет министрі Марат Бекетаевқа жүгінген адамдардың жанайқайы қатты шықты.
Министр мән-жайды тыңдап болған соң, қысқа қайырды.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Одан артық нәрсеге уәде бере алмаймын. Мен өз департаментімнің басшысын қолдаймын. Сіздерді алаяққа ақша беруге мәжбүрлеген мен емеспін.
Бірақ, қабылдауға келген бір топ азаматтың бұл жауапқа көңілі толмады.
Әлия Исабекова, Астана қаласының тұрғыны:
- Қабылдауға қанағаттанбадық. Бізге нақты нәтиже керек. Не ақша жоқ, не баспана жоқ, далада қалдық. Министр «Біз сіздерді қолыңыздан сүйреген жоқпыз», - дейді. Онда неліктен заңды күшейтпейді? Алаяққа әлдері келмей отыр.
Бұған дейін айтқанымыздай, ондаған адамды алдаған Гүлнар Сарбаева 2012 жылы алаяқтық қылмысы үшін 4 жылға сотталған. Қамаудан шыққанымен миллиондаған қарызын қайтаруға асығар емес. Оның атында Астанада екі үйі бар. Тіпті, ауладағы жатақханасын жалға беріп отыр. Бірақ, өзі ешқандай табысым жоқ деп, сот шешімін қасақана орындамай келеді.
Әділ Балтабаев, Астана қаласы Алматы ауданының сот орындаушысы:
- Ішкі істер департаментіне Гүлнар Сарбаеваны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберілді. Бірақ, олар қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Біз қазір қайтадан ұсыныс жібердік. Және неліктен қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған туралы №2 Астана қалалық аудандық сотына шағым түсірдік. Бұл мәселе бойынша Ішкі істер министріне, прокуратураға да хат жаздық. Қазір бұл өндіріс Әділет министрлігі мен қалалық әділет департаментінің қадағалауында.
Әділет органдары «қолымыздан келгенше көмектесеміз», - деді. Ал, қулығына құрық бойламайтын әйелге алданған азаматтар әділдік іздеуді тоқтатпайды.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.