«Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жаңа мыңжылдықта құрылған жас ұйым болса да, аз уақытта халықаралық қауымдастық мойындаған беделді ұйымға айналды». Бұл - ұйымның бас кеңсесіндегі Халықаралық байланыс департаменті директорының орынбасары Владимир Потапенконың сөзі. Сегіздік ұйым шеңберінде экономикалық қана емес, саяси-әскери байланыстарды нығайтуға мүдделі. Бұған осыдан бір ай бұрын Шанхай сегіздігі елдерінің СІМ-імен қатар Қорғаныс министрлерінің де бас қосуы дәлел.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деген аты болмаса, ұйымның бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан. О баста ұйым Шанхай бестігі ретінде құрылды. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғыз және Тәжікстан мүше болатын. Ал, 2001 жылы Шанхай саммитінде ұйымға Өзбекстан қосылды. Қазір алтылық Шанхай сегіздігіне айналған. Былтыр Астанада ұйымға Үндістан мен Пәкістан ресми қосылды.
Владимир Потапенко, ШЫҰ Бас хатшылығы халықаралық байланыс департаменті директорының орынбасары:
- Біз өзімізден кейін мол мұра қалдырғымыз келеді. Біздің ұйым өз хартиясында жазылған ережелерді қатаң сақтайды. Әділетке негізделген серіктестігімізді көрген басқа елдер бізге қосылуға ынтық. Қазір біздің құрамымызда байқаушыларды қоса санағанда 18 ел бар. Қазірдің өзінде осы тату жанұямызға 6 мемлекет қосылғысы келіп отыр.
Ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ шекарасы 34 млн. шаршы шақырым. Бұл Еуразия құрлығының 60 пайызына жуығы. Ал, халық саны 3 млрд-тан астам. «Бұл біздің басты мақтанышымыз», - дейді кеңсе мамандары. Айта кетейік, біз барған тұста Шанхай сегіздігінің тұрақты өкілдері Ауғанстандағы ахуалға қатысты келіссөздер жүріп жатқанына тап болдық. Жалпы, Қазақ елі атынан Бейжіңде 6 адам қызмет етеді.
Шан Линг, ШЫҰ Бас хатшылығының маманы /кеңесші/:
- Астана залы негізгі жиындар өтетін мәжіліс залы болып бекіген. Өздеріңіз басқа залдардағы жағдай талапқа сай емес екенін көрдіңіздер.
Шанхай ұйымы тек саяси ұйым деу қате ұғым. Бұл ұйымның басты ұраны - достықтың туын тігу, әрі саламатты өмір салтын насихаттау. Былтыр «ЭКСПО - 2017» көрмесі аясында Ұйымның халықаралық марафоны өтті.
Миразиз Мирсаидов, ШЫҰ Бас хатшылығының референті:
- Өткен жылы Куньминде өткен соңғы марафонға 16 мың адам тіркелді. Ал, «ЭКСПО» қарсаңында Астанада ұйымдастырылған желаяқтар жарысына 17 мың адам қатысты. Ал, бірінші рет екі жыл бұрын Қытайда өткен жарысқа 18 мың спортшы қатысқан.
Ғабит Бөкенбай, тілші:
- Осыдан екі жыл бұрын ШЫҰ мүше мемлекеттердің СІМ осы жерде 6 шыршаны егіп, сол сәттен бастап бұл аумақ достық бағы деген атқа ие. Мына оң жағымдағы шырша Қазақстанға тиесілі. Ал, ту сыртымдағы бос орын жуырда ғана алтылыққа қосылған Үндістан мен Пәкістанға тиесілі.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.