Қазақстандық дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Өкініштісі сол, шетелден келетін бұл өнімнің импортына шектеу қойылар түрі жоқ. Мәселен, 2015 жылдан бері Қазақстанға құны 50 млн. доллар тұратын 46 600 тонна пальма майы әкелінген. Импорт жылдан-жылға артуда. Бірақ, қатерлі ауруға шалдықтыратын қатқыл майды шекарадан шектеуге құлық танытып отырған ешкім жоқ.
Пальма майын өзіміз көп еститін пальма ағашынан алады. Шикізат түрінде сұйық, түсі қызыл. Ағаштан ақша тауып, бізге импорттап отырған елдердің қатарында Малайзия мен Индонезия бар. Табиғи таза сұйық түрінің пайдасы орасан. Өкініштісі, біздің елге бұл өнімнің сұрыпталған синтетикалық түрі жеткізіледі.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
-Зиянды майдың бұл түрін өндірушілер сабын, сусабын тәрізді жуынатын заттарға қосады. Ең қауіптісі, зиянды май азық-түліктің де құрамында бар. Күнделікті жиі тұтынатын сүт өнімдері, балмұздақ, ірімшік, майонез, кетчупке де осы ингредиент қосылған. «Мәселен, дастарханнан үзілмейтін мына сары майдың да құрамы таза табиғи емес», деп отыр мамандар.
Дәл осы сары майдың құрамын тексеру үшін Алматыдағы тағамтану академиясының зертханасына бардық.
Әнел Изат, зертхана қызметкері:
- Майдың құрамында пальмитин қышқылы 35. Ал, мысалы, бізде ол 40 көрсетті. Яғни, бұл сәйкес келмейді деген сөз.
Маманның нормадан асқан пальмитин деп отырғаны май құрамындағы ағзаға зиянды қышқыл. Бұл компонентті өнімге қосу кәсіпкерлерге тиімді. Себебі, ол тауардың сақталу мерзімін ұзартады, салмағын көбейтеді. Бағасы да арзан. Мәселен, пальма майының тоннасы 700 доллар болса, табиғи сары майдың құны 10 мың доллар. Өз қалтасын күйттеген өндірушілер тауар сыртына пальма майы туралы ақпаратты жазбайды да.
Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
- Өзгерген пальма майының дәмін де сезбейсің. Қауіпті екенін біз ескертуіміз қажет. Тағамдардың құрамында 2-4 пайыз бар. Ал, екі пайыздан артылса, зияндылығы бар. Соны нақты көрсету керек. Ары қарай халық ала ма, алмай ма, өзі біледі. Өйткені, көпшілік мемлекеттерде 2 пайыздан артық болмауы керек.
Азық-түліктің құнарсыз құрамы әсіресе, ата-аналарды қатты алаңдата бастады. Қала тұрғыны Анар Ибрайханова «дүкендегі сүт өнімдерін тұтынбасқа амал жоқ», дейді.
Анар Ибрайханова, қала тұрғыны:
- Тіптен, мына балаға берілетін тағамның ішінде пальма майы бар екен. Не жерімізді де білмейміз.
Пальма майының синтетикалық түрі тек 42 градус жоғары температурада ериді екен, яғни, адам ағзасында дұрыс ери алмаған май түрлі ауруларға шалдықтырады.
Гүлмира Дүйсенбаева, дәрігер-педиатр:
- Артериалды гипертония, қан-тамыры ауруына, семіздікке, ісік ауруларына да алып келуі мүмкін.
Майдың зияндылығын мойындаған күллі Еуропаның біраз елі оған әлдеқашан шектеу қойған. Франция биыл оның салығын 300 пайызға арттырмақ. Ұлыбритания түбегейлі бас тартуды көздеп отыр. Италия мен Испанияда пальма майы қосылған тауарды сатуға тыйым салынған. Көрші Ресейдің дәрігерлері мен ғалымдары дабыл қағып отыр.
Ал, Қазақстандағы құзырлы мекемелер бейқам отыр. Осы мәселені көтеріп Инвестиция және даму министрлігіне хабарласқанымызда:
«Бұл сұрақтар біздің құзырымызға жатпайды. Өнімнің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, адам денсаулығына келтіретін залалы жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі жауап беру керек».
Денсаулық сақтау министрлігіндегілер тіптен қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Қоғамға қауіп төндірген бұл мәселе олардың қаперіне де кірмеген сияқты. Алаңдауға негіз бар. Бірақ, атқамінерлер ойланғанша амалдауға тура келеді.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ