ОҚО-да 40-қа жуық тұрғын жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да 40-қа жуық тұрғын жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді

30.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында 61 адам ұшынып, 40-қа тарта тұрғын жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Олардың арасында жасы әлі 7-ге тола қоймаған баладан бастап, ересектерге дейін бар. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы дерлік Шымкент қаласының орталығындағы дәмханалардың бірінен балмұздақ пен кондитерлік тағам сатып алып жеген. Алдын ала тексеру нәтижесіне сүйенсек, балмұздақ қоспасы үйде дайындалған көрінеді.

Қалмахан Ерментаевтың ауруханада қызы, жиені мен Қарағандыдан қонаққа келген туысы жатыр. Үшеуі осыдан үш күн бұрын қаладағы саябаққа  демалуға барған. Қайтып келе жатып, жолай дәмханадан балмұздақ алып жейді.

Қалмахан Ерментаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бір күн өте түнге қарай бәрінің температурасы көтеріліп, іштері өтті. Сондай жағдаймен сағат 4:30-да жедел жәрдем шақырдық. Олар «тамақтан улану болған», - деді.

Тап осындай диагнозбен кеше ауруханаға үш адам жатқызылса, бүгін олардың  саны 39-ға жетті. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде. Арасында жүкті әйел мен екі бала бар. Бұл әзірге жедел жәрдем шақыртқандары. Дәрігерлерің басты күдігі уланғандар саны мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Ғалымжан Айнабеков, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

- Құсып, температура көтеріліп, іштері өтіп келді. Сондықтан, өткір ішек инфекциясы деген диагноз қойылды. Ауруханаға жатқыздық. 11 бала балалар бөлімшесінде, қалғаны ересектер бөлімшесінде.

Ата-аналардың бірі Әл-Фараби аудандық прокуратурасына арыз түсірген соң, Санитарлық қадағалау қызметі әрекетке көшті. Тексеріс жүргізу үшін арнайы жұмыс топтары құрылды.

Жұмағали Медетов, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары:

- Ол жердегі қызметкерлерден де анализ алынды. Балмұздақтан да анализ алынып, оның бәрі тексерілуде. Тағы бір бригадамыз әр пациентпен жеке сөйлесіп, анализ жинап жатыр.

Алынған сынамалардың нәтижесі үш күннен кейін белгілі болмақ. Ал, дәмхана ата-аналардың жанайқайынан соң жабылды. Полиция арнайы белдеумен оқшаулап, төңірегін күзетке алған. Тергеушілер астан уланғандар мен дәмхана қожайындарынан жауап алуда. Ал, дәрігерлердің сөзінше астан уланғандар ауруханада әлі 4-5 күн ем алатын болады. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу