«Қазақтың рафаэллосы», «Ұлт дәмі», «Құртафелло», «Қазақ хауыс». Мұндай атауларды естуіңіз бар ма? Бүгінде тағамның бұл түрлері кәдімгі брендке айналған. Отандық кәсіпкерлер кәнігі төл өнімді жаңғыртып, заманауи үлгіде ұсына бастады. Құрамы таза, сапасы жоғары тауарлар шетелдік нарыққа да шықты.
Қыста қатпайды, жазда бұзылмайды. Ал, дәмі қай уақытта жесең де тіл үйіреді. Мінекей қазақтың ұлттық тағамдары осындай қасиеттерімен ерекше. Бұрындары оларды әжелеріміз үйде дайындайтын болса, қазір кәдімгідей брэндке айналған. Мәселен, мына қоспаға қараңыз. Кәсіпкерлер оны әрлеп, әдемілеп «қазақтың рафаэллосы» деген атау берген екен.
Қоспамен қоса, сұрыпталған қазы-қарта, қапшықтағы құрт-ірімшік, торсықтағы қымыз бен шұбат. Тағысын тағы. Ұлттық тағамдардың заманауи үлгідегі сан түрі сөреде самсап тұр. Базар, дүкен, ірі сауда орындары дейсіз бе, таңдау өзіңізде. Мысалы, бір ғана құрт өнімін алайықшы. 20-ға жуық түрі бар. Көлемі, дәмімен түрленеді. Қаласаңыз, қызыл бұрышпен, тіпті райхан гүлі қосылғаны бар.
Гүлмира Шерназарова, сатушы:
- Өзіміздің ұлттық тауарлар өтімді. Күнделікті тез өтетіндер қымыз, шұбат, қоспа, жент.
Ал, енді бүгінгі нарықтағы бағаларына тоқталсақ. Ең төменгі құны құрттан басталады. 1 данасы - 5 теңге. Ал, ең жоғарысы қазы-қарта, келісі – 5000 теңге.
Құрт – 5-180 теңге
Ақ ірімшік – 800 теңге
Қызыл ірімшік – 1800 теңге
Қаймақ – 1400 теңге
Қымыз, шұбат – 700 теңге
Жент – 1300 теңге
Май – 1900 теңге
Қоспа – 2000 теңге
Талқан – 500 теңге
Тары – 600 теңге
Майсөк, бидай – 500 теңге
Қазы-қарта, жал-жая – 5000 теңге
Бір ерекшелігі, ұлттық тағамдардың сырты түрленгенімен, ежелден келе жатқан дайындалу тәсілі өзгерген жоқ. Сонысымен де, нарықта бағалы. Бүгінде қымыз, шибауырсақ, жайма, құрт өнімдері шетелге экспортталады. Әсіресе, Қытай мен Ресейден сұраныс жоғары.
Шымкенттің құрты, Қызылорданың сөгі, Қорғалжыңның қымызы. Төл өнімдер елдің төрт түкпірінен келеді. Кәсіпкерлік әр өңірде жанданған. Мәселен, елордадағы Вахитовтар отбасы он жылдан бері қымыз өнімімен айналысады. Алғашында 20-30 литрді ауыл арасында сатқан олар қазір Қазақстанның жарты қаласын шипалы сусынмен қамтамасыз етіп отыр.
Нұржамал Вахитова, жеке кәсіпкер:
- Тобылғымен ысталынып, күбіде піседі. Ешқандай қоспасыз, консервантсыз. Болашақта экспортқа шығару, ұлттық суысынымызды дамыту жоспарымыз бар.
Ең өкініштісі, қазір ұлттық тағамдардың кей түрі ұмыт қалып бара жатыр. Мысалы, мипалау, шалжығар, томыртқа, қарма, басқарын тағамдарын бірі білсе, бірі білмейді. Дегенмен, көне дәстүрін сақтаған қазақтың келіндері де баршылық. Мәселен, Қоянды ауылындағы Болатбектер әулетінің дастарханынан ұлттық тағамдар үзілмейді. Отанасы Динара дәмнің қай түрі болмасын, барлығын өз қолымен әзірлейді.
Динара Қожа, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Мен үш түрлі өнім жасаймын. Біріншісі, ақ ірімшік, екіншісі, қызыл, үшіншісі, қоспа. Алдымен ақ ірімшік дайындау үшін сүтке айранды қосып, 5 минуттай қайнатып, сүзіп аламыз. Ал, қызыл ірімшік дайындау үшін 2 сағаттай қызарғанша қайнатамыз.
Ұлыстың ұлы мерекесін ұлттық тағамдарымен қоса, Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Динара жылдағы дәстүр бойынша биыл да сыйлы асты 7 түрлі дәммен әзірлемек.
Динара Қожа, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Көнеден келе жатқан дәстүр бойынша су, тұз, айран, қатық, күріш, бидай, тары қосамын.
Мінекей, көргендеріңіздей, ұлттық тағамдарымыздың дайындалуына көп дегенде екі-үш сағат қана жұмсалды. Бір ерекшелігі, біздің өнімдерімізді әзірлеу үшін шетелдік қымбат техниканың, күрделі технологияның еш қажеті жоқ. Бастысы, отыңыз жағулы, қазаныңыз майлы, көңілі жайлы болса болғаны. Ұлыстың ұлы мерекесі құтты болсын!
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ