Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының шаруалары бұрын-соңды істеп көрмеген жаңа бір кәсіпті бастады. Олар саңырауқұлақтың елімізде өсірілмейтін шампиньон деп аталатын түрін жылыжайға егіп, одан алғашқы өнімін жиып алды. Шетелдік технологияға негізделген жобаны жүзеге асыру үшін 500 миллион теңге жұмсалды. Шаруалар енді жыл бойына егін жайдан 200 тоннаға дейін саңырауқұлақ теріп алып, оның пайдасын көрмек.
Аумағы 1,5 гектар болатын жылыжайдан бір жылда үш рет өнім жиналады. Саңырауқұлақтың тұқымы Голландиядан әкелінеді. Оны қолдан әдейі шіріткен бидай сабанына отырғызады. Осылайша, тұқым бір жұма бойына 60 градус ыстық жерде тұрады. Нәтижесінде саңырауқұлақтың өсіп-жетілуіне кедергі келтіретін зиянды микробтар жойылады.
Рашид Сейдалиев, технолог:
- 21-22 градус аралығында өсіп шығады. Екі айда өнім бере бастайды. Одан соң тағы екі ай бойы теріледі.
Жылыжайдың іші он екі бөлікке бөлінген. Бұл жыл бойына үздіксіз өнім алу үшін әдейі істелінген. Біріне тұқым енді отырғызылып жатса, екіншісінен өнім жиналады. Егін жайдың іші толықтай неміс технологиясымен жабдықталған. Саңырауқұлаққа сұраныс көп. Негізінен мейрамханалардан тапсырыс жиі болады. Мұндай өнімнің оңтүстікте өсетінінен құлақтанып қалған өзге аймақтардан да сатып алушылар қатары көбейген.
Ақжол Қоңқабаев, серіктестік басшысы:
- Өніміміді қазіргі таңда Қарағандыға, Алматыға, Шымкентке жіберіп жатырмыз. Күнделікті өнімнің шығуы 500-600 килограмм. Сақтайтын жеріміз бар. Жағдай жасалған.
Серіктестік енді жылыжай аумағын 5 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, саңырауқұлақ тұқымын өндіретін арнайы орын салу да жоспарда бар. Шаруалар бұл тірліктің үдесінен шықса, шампиньон тұқымын қазіргідей шетелден сатып алмайтын болады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ