Еуразиялық одаққа әділ бәсеке керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық одаққа әділ бәсеке керек

16.02.2018

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бәсекелестікті бұзып, қазақстандық компанияларды нарыққа кіргізгісі келмеген бірқатар ресейлік компанияларға айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Мәскеуде өткен жиында белгілі болды. Отырыста одаққа мүше елдердің монополияға қарсы қызмет басшылары «заңды бұзған компанияларға шара қолдану керектігін қолдағанымен, оларға «бірден айыппұл салмауға» шақырды.

Марат Құсайынов, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі:  

- Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ тарихындағы айыппұл салу жөніндегі бірінші істі аяқтадық. Айыппұл Новолипецк металлургиялық комбинатына Минск және Кентау трансформаторлық зауыттарына бағамен кемсіту көрсеткені үшін салынды. Бұдан басқа,  бәсекелестік ережелерін бұзу жөнінде кәсіпкердердің 12 арызын қарап, 4 тергеуді бастадық, оның ішінде қазақстандық кәсіпкерлерінің 2 арызы бар.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер көбінесе бәсекелестік туралы заңды дұрыс білмегендіктен, шарасыз күй кешеді. Сондықтан, комиссия келешекте бизнесмендерге өз құқықтарын қорғауды үйретіп, заңды кеңінен түсіндіргелі отыр.

Дана Жүнісова, ҚР кәсіпкерлері «Атамекен» Ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

 - Кәсіпкерлер заңбұзушылықты байқаса, Еуразиялық экономикалық комиссияға шағымдана алады. Сондықтан, біз оларға өздерінің осы құқықтарын, жалпы, бәсекелестік туралы заңды білсін деп бірқатар шаралар өткіземіз. Бұл қадам отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.

Жиында бәсекелестікті бұзған кәсіпкерлерге бірден айыппұл салудың тым қатал шара екені де сөз болды. Сондықтан, енді монополист болғысы келгендерге алдымен ескерту жасалады, оны елемесе ғана айыппұл төлетеді. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссия мұндай заңбұзушылықтың алдын алу шараларын да ойластырып жатыр. Бұл уәжге бүгінгі Мәжіліске келген барлық тарап келісті.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу