ЕАЭО мүше елдер арасында инвестициялық қызметті күшейту қажет - Мамин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО мүше елдер арасында инвестициялық қызметті күшейту қажет - Мамин

04.12.2020

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында инвестициялық қызметті күшейту қажет. Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің онлайн отырысына қатысып, осындай ұсыныс айтты. Үкімет басшысы одаққа мүше елдер арасында сауданың көлемі мен тұрақтылығын арттырудың маңызы зор дейді. Әсіресе, инвестициялық қызметтің ішкі әлеуетін арттырудағы жұмыстарды күшейту керек. Жиында экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қаралды. Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында 2021-2022 жылдары жойылуы тиіс шектеулер, бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу мәселесі, сондай-ақ одақ аясында құрылыс саласында көрсетілетін қызметтердегі бірыңғай нарықтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі жоспар талқыланды.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: 
-Еркін сауда айналымын қолға алу біз көтеретін бірінші мәселе болу керек. Ол үшін байланыс орнататын елдердің тізімі кеңею керек. Негізгі мақсат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық өсуіне ықпалдасу және инвестициялық қызметті жүзеге асыру арқылы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту. Бұл ретте Еуразиялық даму банкі бірінші кезектегі рөлді атқаруы тиіс. 


ЕАЭО инвестиция Мамин

Хабарламаларға жазылу