ҚР Президенті Ереванда Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің отырысына қатыстК - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Президенті Ереванда Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің отырысына қатыстК

01.10.2019

Жиын басталмас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды кездесу өткізді. 

Президент Сингапурдың үкімет басшысы Ли Сян Лунмен кездесті. Ли Сян Лун Қасым-Жомарт Тоқаевты Сингапурға шақырып, өзі де қазақ жеріне баруды жоспарлап жүргенін айтты. Сондай-ақ мемлекет басшысы Иран президенті Хасан Руханимен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен жүздесті. Жалпы, барлық екіжақты кездесулерде тараптар ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы да табысты аяқталды. Сингапур елі Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру туралы шешімін қағаз жүзінде бекітті. Еревандағы елеулі оқиға жайлы тілшіміз Альбина Әшім әңгімелейді. 

Қазақстан, Ресей, Беларусь. Осы үш мемлекеттің бастамасымен бес жыл бұрын құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан мен Армения 2015 жылы қосылды. Биыл Армения төрағалық етіп, бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығару үшін мәртебелі меймандарды Ереванда бар құрметпен қарсы алды. Шағын құрамдағы отырыста әңгіме одаққа мүше елдердің бюджеттері арасында кеден салықтарының сомасын үйлестіру және Еуразиялық экономикалық форум төңірегінде өрбіді. 

Одаққа мүше елдердің шағын құрамындағы отырыстан шығып келе жатыр. Енді бес мемлекет басшыларымен қоса бұл отырыс үшін арнайы келген Молдова, Иран президенттері және Сингапур премьер-министрінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтеді. Ал алдымен протокол бойынша барлығы суретке түседі. 

Еревандағы отырысқа Молдова тарапы бақылау үшін келсе, Сингапурдың маңызды миссиясы бар. Бұл мемлекет одақпен әріптестік орнатуға мүдделі. Сондықтан отырыста Ли Сян Лунның есімі жиі аталды. Қонақ болып келген Иран президенті Хасан Руханиге де құрмет ерекше болды. Өйткені санаулы күндерден соң, нақтырақ айтсақ, қазанның жиырма жетісінде одақтың Иранмен еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімі күшіне енеді. 

Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-Министрі:

Мен үшін сіздерді Арменияда Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңес отырысында сіздерді қарсы алу үлкен мәртебе. Армения одақтың жұмысына елеулі үлес қосып келе жатқанын қуана айта аламын. Биылғы төрағалығымызды қорытындылау үшін отырысқа одаққа мүше мемлекеттермен қоса Иран, Молдова президенттері мен Сингапур премьер-министрі де келіп жатыр. Оларға ерекше алғыс білдіргім келеді. 

Отырыста сөйлеген қазақ басшысы да сөзін алғыстан бастады. Армения еліне жылы қабылдағаны үшін рақмет айтса, Еуразиялық экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисянның еңбегіне оң бағасын берді. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы келісімдерді сақтай отырып, одақ жұмысына жаңа леп беру керек екенін жеткізді. Өйткені одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен тауар айналымы осы жылдың алты айында екі пайызға төмендеп кеткен. Ал Одаққа мүше елдер арасындағы өзара сауда-саттық бес пайызға азайған. Қазақстан президенті бұған әлемдегі қаржылық, саяси ахуалдан бөлек, одақтағы кедергілер де кері әсер еткенін қадап айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

БҰҰ мәліметінше, қазіргі сауда соғысының салдарынан келер жылдың басына қарай әлемдік экономикаға сегіз жүз елу миллиард доллардан бір триллион долларға дейін шығын келуі мүмкін. Әлем бойынша экономикалық өсімнің төмендеуі, оның ішінде біздің негізгі сауда серіктестеріміз ЕуроОдақ пен Қытайдағы жағдай бізге де кері әсер ету мүмкін. Осындай жаһандық деңгейдегі қиын ахуалда біздің мемлекеттердің экономикалық өсімін тұрақты түрде қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін біздің одаққа тиесілі ортақ нарықтағы кедергілерді жою керек. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ сотының мәртебесін көтеру керек екенін мәлімдеді. Ал одақ нарығының аясын кеңейту үшін мүмкіндіктерді молынша пайдалану керек, деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Одақ шығыс пен батысты байланыстыратын маңызды транспорттық торап болып табылады. Осыны ұтымды қолданған жөн. Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы маңызды трансаймақтық темір жол іске қосылды. Бұл АСЕАН нарығына біздің тауарларымыздың жөнелтілуіне сеп болады

Ал одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы келісім бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтетіні сөзсіз. Келіссөздер жемісті аяқталып, Сингапур одақпен серіктес болу ниетін қағаз жүзінде бекітті. Енді Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіретін мемлекеттер үшін алты жүз миллион халқы бар нарыққа жол ашылады.

Альбина ӘШІМ 


Хабарламаларға жазылу