«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің қасиетті жерлерінің тізіміне 185 нысан енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің қасиетті жерлерінің тізіміне 185 нысан енгізілді

16.02.2018

Оны енді әлемге насихаттау үшін «National Geographic», «Discovery» сынды арналардан арнайы бағдарламалар көрсету жоспарланып отыр. Бүгін Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен Ұлттық комиссия отырысында рухани бағдарламаны іске асыру барысы талқыланды.

Кеңестің күн тәртібінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы сөз болды. Қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша жуық арада шешім қабылданады. «100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде «Ұлттық аударма бюросы» әлемнің 17 үздік оқулығын қазақшаға аударды. Және ол цифрландырылды.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:

 -Қазіргі кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Қажетті сұрақтар толығымен шешілді. Нақты нәтижелер бар. Ең бастысы, ол халықтың зор қолдауына ие болып отыр.

Бейнеконференция режимінде өткен жиында Алматы мен Атырау облыс басшыларының баяндамалары тыңдалды. Әкімдерге бағдарламаның барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:

- Өңірлерде бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр,қандай қаржыға жасалуда деген сұрақтардан бұрын біз алдымен қоғамның пікірін ескеруіміз керек. Осы бағдарламаға қанша халық қатысып жатыр, бұдан қандай нәтиже бар? Рухани сана өзгеріп жатыр ма? Әлде бұл қаржыны босқа шашу ма? Міне, осы сауалдар мазалауы тиіс. Сосын өңірдегі туризмді дамыту үшін алдымен визалық тәртіпті шешуіміз керек. Онысыз туризмді ілгерілете алмаймыз.    

«Киелі жерлер» жобасы аясында жалпыұлттық және өңірлік маңызға ие нысандардың тізімі әзірленді. Оған 185 қасиетті орын еніп отыр. Виртуалдық карта жасалып, 3D форматында көрермен назарына ұсынылды. Әділбек Жақсыбеков аймақтағы туризмді дамыту үшін қасиетті жерлердің инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды.    

32 жоғары оқу орнында «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы тақырыбы бойынша элективтік курстар енгізілді. Мәселен, Еуразия Ұлттық университетінің  IT мамандары қазақтың ұлттық ойындарын көпшілік назарына ұсынып отыр. Енді кез келген адам оны өз телефонына жүктей алады.

Комиссияның қорытындысы бойынша «Қазақстанның киелі географиясы», «Туған жер» жобаларының іске асырылуын ерекше бақылауға алу, өлкетануды дамытуға және жергілікті шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілді.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:

 - Барлық жобалар бойынша ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек. Бұл ретте әлеуметтік желілерді пайдаланып, жоғарғы оқу орындарымен ғылыми ұйымдардың мүмкіндіктерін ескеру қажет. Қоғамдық институттар да тыс қалмауы тиіс. «Туған жер» жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігімен Мәдениет министрлігіне өлкетану концепциясын дайындауды тапсырамын. Ал, әкімдер демеушілерді тартуды жалғастыруы керек.

Дулат НУРКИН

Хабарламаларға жазылу