«Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толды

12.04.2019

Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдарға айналды. Қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен идея - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды және ең маңызды жобалардың бірі болып отыр. Өйткені бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың негізі экономиканы, әлеуметтік және саяси салаларды дамытуға негізделсе, «Рухани жаңғыру» тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, болмысын, салт-дәстүрін жаңғыртуды көздейді. Сонымен, бағдарлама қабылданған екі жыл ішінде не істелді, қандай ауқымды жұмыстар атқарылды?

Бағдарлама 6 басым бағыттан тұрады. Қай-қайсысы да - еліміздің рухани дамуына зор септігін тигізетін жобалар. Латын әліпбиіне көшу мәселесі - 2000 жылдардан бастап айтылып келе жатқан әңгіме. Қазақстанда қазір мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тіліне басымдық беріліп отырғандықтан, біздің әліпбиді кириллицадан латын қарпіне ауыстыру - заман талабы.

«Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан тың жобалардың бірі – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Әлемдегі ең үздік 100 жоғары оқу орынында кең қолданылатын гуманитарлық бағыттағы кітаптар ана тіліне аударылып, студенттерге ұсынылды. Бағдарлама еліміздің дамуына зор үлес қосқан тұлғаларды елге танытты. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына барлық саладағы, еңбегі елеулі азаматтар еніп, ерекше құрметке бөленді.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен ерекше деген 600 нысан белгіленді. «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдарға жол төселіп, мектеп пен ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталды. Жалпы, жобаның мақсаты - тіл мен дәстүрді сақтап, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосу. «Рухани жаңғыру» осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу