Таразда «Рухани жаңғыру» аясында киелі жерлердің электронды картасы жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Рухани жаңғыру» аясында киелі жерлердің электронды картасы жасалады

29.08.2018

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне Жамбыл облысынан 35 тарихи-мәдени нысан енді. Оның 8-і жалпыұлттық болып саналса, 27-cі өңірлік деңгейдегі тарихи мұралар. Енді бұл ескерткіштердің электрондық картасы жасалмақ. Тың жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда жұртшылыққа таныстырылды. Жаңа жоба қараша айынан бастап іске қосылмақ. Бұл жұмыстарға белгілі тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдар тартылған. Олар киелі орындардың аумағын, хронологиялық мерзімін, сызбалары мен архивтік құжаттарын, аңыз-әңгімелерді жинақтап, цифрлық нұсқасын әзірлейді. Сонымен қатар, киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету мақсатында арнайы сайт жасалып, үш тілде кітап-альбом шығарылады. 

Берік Әбдіғалиұлы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

- Халыққа кеңінен таныстыру керек. Өйткені, бұл  жобада бастысы ескерткіштер ғана емес, адам, рухани құндылық. Осыған көбірек көңіл бөлу қажет. Әлі күнге дейін көптеген объектілерді қарастырып, талқылап, қосып жатырмыз.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу