Басты Жаңалықтар Жыл соңына дейін «Даму» қорының барлық бағдарламалары цифрлы форматқа көшіріледі

Жыл соңына дейін «Даму» қорының барлық бағдарламалары цифрлы форматқа көшіріледі

Жыл соңына дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының барлық бағдарламалары цифрлы форматқа көшіріледі. Бұл туралы Алматыда өткен «IT-DAY» атты конференцияда айтылды. Негізі қордың жұмысын автоматтандыру жүйесі былтыр басталып кеткен. Ал, бүгінгі жиында сол жобаны кезең-кезеңімен жетілдіріп, кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

«Бизнеске деген ынтаны арттыру үшін цифрландырудың рөлі зор»,-дейді кәсіпкерлер. Өйткені, автоматтандыру жүйесін өткен жылдың қыркүйек айында енгізген «Даму» қорының мамандары мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың саны соңғы 4 айда 4 есеге артқанын айтады. Мәселен, 2017 жылы 2581 кәсіпкер қордың қолдауына ие болса, соның 45 пайызы қызметті  «Digital DAMU» атты жаңа цифрлы формат негізінде алған.

«DigitalDAMU»-дың  артықшылығы – кәсіп ашқысы келген кез келген азаматқа қанша қаржы керек, қандай бағдарлама бар, мемлекеттік субсидия мен банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі қанша? Осы сұрақтардың бәріне әп-сәтте жауап беріледі. Ал, мамандар биыл толықтай цифрлы платформаға өтуді жоспарлап отыр. Онда бұл қызметтердің бәрін кеңсеге келмей-ақ, үйде отырып алуға болады. Тіпті, клиенттердің құжаттары банктерге автоматты түрде жіберіледі.

Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан «Даму» қоры ішкі және сыртқы процестердің барлығына электронды құжат айналым жүйесін енгізбек. Яғни, қолма-қол қағаз құжаттардың бәрі тоқтатылып, қызмет түрлері тек онлайн форматта жүргізіледі.

Амангелді СЕЙІТХАН  

Бөлісу