Ішкі жолдарды жөндеуге қосымша қаржы бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі жолдарды жөндеуге қосымша қаржы бөлінеді

14.02.2018

Биыл 150-ге жуық индустриалды жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Инвестициялар және даму министрлігінің алқа мәжілісінде министр Жеңіс Қасымбек айтты. Олардың ортақ құны 1 триллион теңгеден асады. Сондай-ақ, биыл Қазақстан мен Қытайдың 6 бірлескен жобасы іске қосылып, тағы бес өндірістің құрылысы басталмақ. Жиында арнайы экономикалық аймақтардың мәселесі де айтылды. Қыруар қаржы жұмсалып, экономикаға айтарлықтай пайда бермеген арнайы аймақтардың мәселесін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те сынаған еді. Мәселені шешу үшін арнайы заң қабылдап, нақты өзгерістер енгізбек. Жиында жергілікті жолдарды жөндеу жайы да сөз болды. Биыл бұл мақсатқа 80-90 миллиард теңге көлемінде қаржы көзделген. Алайда, Президент тапсырмасынан кейін бұл соманы 150 миллиард теңгеге дейін көтеру жоспарлануда. Керек қаражат бөлінсе, ішкі жолдар 2022 жылға қарай дұрысталмақ. Сондай-ақ, биыл бірнеше жол учаскесі ақылы болады. 

Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі:

- Осы жылдың бірінші тоқсанында біз тесттік режимде Астана, Теміртау, Алматы, Қапшағай және Алматы-Қорғас аралығындағы жолды ақылы етеміз. Сондай-ақ, жыл ортасында дейін Астана-Павлодар жолын, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіндегі өзге де учаскелерге ақы төлеу жүйесін қосу жұмысын бастаймыз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу