Мәскеу облысында құлаған Ан-148 жолаушылар ұшағының қара жәшіктері табылды. Енді мамандар ондағы жазбаны зерттеп, апаттың себебін анықтауы тиіс. Қайтыс болған жолаушылардың көпшілігі - Ресейдің Орынбор облысының тұрғындары. Қайғылы оқиғадан соң бүгін Орынбор облысында қаралы күн жарияланды. Құтқарушылар апат орнында іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал, Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Мәскеу қаласындағы Домодедово әуежайынан күн сайын шамамен 200-дей рейс әлемнің түрлі қаласына бет алады. Дәл сондай ұшақтың бірі кеше түскі сағат 2-ден 24 минут кеткенде осы жерден Орынбор облысының Орск қаласына бет алған. Алайда, лайнер көкте небәрі 4-ақ минут болды. Ан-148 ұшағы Мәскеу облысындағы Степановское елді мекенінің жанына құлап түсті. Ұшақтағы 71 адам түгелдей опат болды.
Апат болған жерге жедел жеткен құтқарушылар кешеден бері күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнынан ұшақтың көптеген сынықтары, 2 бірдей қара жәшік пен қайтыс болған жолаушылардың 400-дей дене мүшелері табылды. Енді мамандар қара жәшіктегі жазбаны зерттеген соң апаттың себебін айтады. Әзірге тек болжам ғана бар.
Светлана Петренко, РФ Тергеу комитеті БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі:
- Ұшақтың сынықтары радиусы 1 шақырым болатын жерге шашылып кеткен. Криминалистер оқиға орнын зерттеп жатыр. Тергеушілер әуе апатына себеп болды деген барлық болжамды тексеріп шығады. Яғни, күн райының әсері, адам факторы, ұшақтың техникалық жағдайы және өзге де жайттарды назарға аламыз.
Құлаған ұшақ «Саратов әуе жолдарына» тиесілі. Компания өкілдерінің хабарлауынша, лайнердің зауыттан шыққанына 8 жыл болған. Әуе компаниясы апаттың себебі анықталғанша, Ан-148 маркалы әуе көліктерінің ұшуын уақытша доғарды. Алайда, Мәскеу-Орск бағытындағы рейс тоқтаған жоқ.
Максим Соколов, РФ Көлік министрі:
- «Ространснадзор» және «Росавиация» мекемелері Домодедово әуежайы мен «Саратов әуе жолдары» компаниясын тексеріп жатыр. Ал, жалпы іздеу-құтқару жұмыстарына барлығы 1 мың адам мен 200 техника қатысты. Қазір тек іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ол бір апатқа дейін жалғасуы мүмкін.
Қайтыс болған адамдардың басым көпшілігі - Орынбор облысының тұрғындары. Олардың арасында ресейлік қазақ Тамерлан Ақназаров та бар. Бұдан өзге, ұшақта Әзірбайжан мен Швейцария азаматтары да болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақта отандастарымыз жоқ.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Ұшақтың жерге қатты құлағаны соншалықты, лайнердің күл-паршасы шыққан. Сондықтан, мамандар қайтыс болған азаматтардың мүрделерін танып-біле алмай жатыр. Сол себепті опат болғандардың туған-туыстары Орынбор облысынан Домодедово әуежайына ұшып келіп жатыр. Мамандар оларға қолдарынан келгенше психологиялық көмек көрсетуде.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ