Павлодарда делдалдар көмірді қапшықпен саудалап жатыр
Павлодарда да делдалдар көмірді тонналап емес, қапшықпен саудалап жатыр. Амалы таусылған тұрғындар Қаражыра көмірінің қабын 1000 теңгеден сатып алуға мәжбүр.
«Осы аймақта өндірілетін күлдей ұсақ Майкүбі көмірі пешке жағуға жарамайды», - дейді тұрғындар. Ал қызуы жақсы Қаражыра отынының тоннасы бұған дейін 13 мың теңге болса, қазір қымбаттап кетті.
Төлеген Мұхитов, зейнеткер:
- Қабын 1000 теңгеден санағанда тоннасы 20 мың шығады. Халықтың қалтасы көтермейді.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қала бойынша 2 кәсіпорынмен келісім жасалған. Оларда көмір бағасы тұрақты. Ал, «облыс аумағына өзге өңірлерден тасымалданатын отынның бағасын реттей алмаймыз», - дейді.
Ризабек Әшірбеков, Павлодар қалалық әкімдігінің төтенше жағдай бойынша бөлім басшысы:
- Екі үлкен компаниямен ғана бірлесіп жұмыс істейміз. Бағалары қалай екен? Көмір бар ма? Сондай жағдайларды біліп отырамыз. Қарағандыдан, Семейден әкеледі.
Болат АМАНБАЕВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы