Шахматшы Бибісара Асаубаеваға қатысты дау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахматшы Бибісара Асаубаеваға қатысты дау шықты

31.01.2018

Ресей атынан түрлі турнирлерге қатысып жүрген отандасымыз, шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваға қатысты дау шықты. Ресейлік жаттықтырушы 13 жасар спортшыға «Турнир кезінде қулық танытып, электрондық құралды пайдалану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. Өз кезегінде, Бибісара мұны жала деп отыр. Ол өтірік сөз таратқан жаттықтырушы әрекетін «атын шығару үшін жасады» дейді. Шахматшы қыз бұл мәселені сот арқылы шешпек. Айта кетейік, Бибісара Асаубаева шахматтан әлемнің 5 дүркін чемпионы. Ол Тараз қаласында дүниеге келіп, кезінде Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанды. Алайда, осыдан екі жыл бұрын ата-анасымен бірге Мәскеуге көшіп кеткен.

Бибісара Асаубаева, шахматтан Әлем чемпионы:

- Құрметті, қазақстандықтар, мен үшін алаңдап, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Мен өз Отанымды жақсы көремін. Сонымен қатар, мені жылы қарсы алып, екінші Отаныма айналған Ресейді де құрметтеймін. Смарт құрылғыларды қолданамын ба деген сұраққа келер болсақ, иә дер едім. Өйткені, менің гаджетім - ол менің миым. Оны күнделікті жаттықтырып отырамын. Ал, қулық пен айлакерлік иллюзионистер мен алаяқтарға ғана тән.

Осы мәселеге қатысты Қазақстан шахмат федерациясы өкілдері де пікірлерін білдірді. Олардың ойынша, Бибісараны айыптауға еш себеп жоқ.

Ирина Грищенко, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Мұны өте күрделі айып деп айтуға болады. Алайда, оған ешқандай дәлел жоқ. Бүгінде спортшыларды допинг қолданды деп, ал шахматшыларды қулық жасады деп айыптау сәнге айналғандай. Ал, Бибісараның қандай жоғары деңгейлі шахматшы екенін біз жақсы білеміз. Себебі, жылдам шахмат жарысы кезінде біреудің көмегіне жүгіну мүмкін емес.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу