Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған Словакия Елшісі Петер Юзамен кездесті. Гүлшара Әбдіқалықова бірлесіп атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, Елшіні қызметін табысты аяқтауымен құттықтады.
Сондай-ақ, ол Словакия басшылығына «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдіріп, бұл елдің баламалы энергетика саласындағы жетістіктерінің маңызын атап өтті. Кездесу барысында Қазақстан-Словакия қарым-қатынасының қазіргі ахуалы, саяси және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық келешегі талқыланды. Биыл Қазақстан мен Словакия дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына - 25 жыл. Қазақстанда Словакия елшілігі 2006 жылы ашылды.
Петер Юза, Словакияның Қазақстандағы елшісі:
- Білім саласында екі елдің бірлігі артпақ. Қазақстандық студенттердің Словакияға келіп білім алуларын қарастырамыз. Сауда-экономикалық байланыс мәселелерін де шештік. Ал, Словакия Республикасының Сыртқы істер министрі Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы шартқа қол қойғаны маңызды құжат болып қала бермек.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ