Алғаш рет Ақтөбеге жанармайсыз жүретін автокөлік әкелінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғаш рет Ақтөбеге жанармайсыз жүретін автокөлік әкелінді

30.01.2018

Машина электр қуатымен қозғалады. Ең бастысы қоршаған ортаға залалы аз, адам өміріне де қауіпсіз. 

Электр қуаты арқылы жүретін алғашқы темір тұлпардың иесі - Николай Выходец. Су жаңа көлік Германияда жасалған. 

Николай Выходец, қала тұрғыны:

- Бұл көлікті Германиядан алдыртуым үшін біраз еңбектендім. Қаржы жұмсадым. Көліктің сертификатын алып, құжаттарын реттеп, әрі дабыл жүйесін орнату үшін бірнеше ай уақыт кетті. Шетелден мұндай көлікті алудың әуре-сарсаңы көп. Ол үкіметтік деңгейде реттелетін шаруа екен.

Жанармайсыз жүретін көліктің елді таңырқатқан ерекшеліктері көп. Біріншіден, ауаны ластамайды, екіншіден «ақылды технология» яғни, жүріп келе жатқанда жаяу жүргіншіні алыстан сезеді. Тоқтайды. Оған қоса көлікті тұраққа қою үшін жүргізушінің рөлде отыруы міндетті емес. Дыбыссыз қозғалады. Ең бастысы  жанармайға жұмсайтын қаржыны үш есеге дейін үнемдеуге болады . 

Николай Выходец, қала тұрғыны:

-Электромобильге алғаш отырғанда оның дыбыссыз қозғалғаны мені таңқалдырды. Оталдыратын  күнделікті көлігіммен салыстыра алмаймын, әрине. Түтін шығарып бара жатқан өзге көліктерге басқаша көзбен қарайтын болдым.  

 Райгүл Еншібай,  тілші:

-Жанармаймен жүретін көлік өндірісінде  бәрі айқын. Мұндай көліктер сұранысқа ие. Халыққа қажет. Оны алуда да еш қиындық жоқ. Ал, тоқпен жүретін ше? Әзірге біздің өңірде, тіпті, елімізде электрмен жүретін көлікке лайық  инфрақұрылым жоқ,  дамымаған. Сондықтан, жанармайсыз жүретін көлік алған адам оның қуаттағыш құралын да бірге сатып алуға мәжбүр.

Еліміз 2014 жылдан бастап  электромобиль өндірісін қолға алды. Қазір бейресми мәліметтерге қарағанда республикадағы  экокөліктердің саны небәрі 200-ден асып жығылады.     

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу