Жамбыл облысындағы әскери бөлімшеден жоғалған сарбаз бірнеше рет ақша сұратқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы әскери бөлімшеден жоғалған сарбаз бірнеше рет ақша сұратқан

29.01.2018

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 21/450 әскери бөлімшесінде іс-түзсіз жоғалған атыраулық сарбаз Жанболат Бозбановқа қатысты жаңа деректер пайда болды. Анасының айтуы бойынша, Жанболат өзгенің есепшотына себепсіз әлденеше рет қаржы аудартқан. Атыраудағы меншікті тілшіміз Жандос Темірғалиев Индер ауданының Есбол ауылына барып, сарбаздың анасымен тілдесіп келді.

Айдың, күннің аманында бауыр еті баласынан көз жазып қалған Жанболаттың шарқ ұрған  анасы шарасыз күйде. Әр таңды бір үміт, бір күдікпен атырған ол өзін қоярға жер таба алмай жанұшырып отыр. Ана жүрегі ұлы қашып кетті дегенге сенбейді. 9 ай бұрын әскерге аттанған Жанболат жиі хабарласып тұрған. Бірнеше рет ақша да сұратыпты.

Нәсіп Жайкесқызы, Жанболат Бозбановтың анасы:

- Өзінің шотына салған кезіміз болды. Басқа да шот, ЖСН нөмірлерін берді. Оған да салдық ақшаны. 14 қаңтар күні де ақша сұратыпты, көрші Сәкен дейтін ағасынан. Командирдің нөмірі деп айтқан.

Анасының айтуынша, қаңтардың 22-і күні кешке ағасына жасырын нөмірден біреу қоңырау шалған.

Нәсіп Жайкесқызы, Жанболат Бозбановтың анасы:

- «Тенгизде» жұмыс істеп жүрген балам Бақытжан телефон соқты. «Мама, қазір маған бір нөмір телефон шалды. Жанболатты жертөледе ұстап отыр, ауызына жіп керіп. Жанболатты жәбірлеп жатыр. Мен таяқ жеп шықтым. Командир біледі, командир жауап береді» деген. Іштен бір нәрсе жоғалды соны Жанболаттың мойнына іліп жатыр деп айтты деді.

Есбол ауылына арнайы барған біз Жанболат білім алған мектепке де бас сұқтық. Ұстаздары оны адамгершілігі мол, ақкөңіл әрі өте белсенді оқушы болғанын айтты.

Сайранби Нұрғалиева, Жанболат Бозбановтың сынып жетекшісі:

- Мектеп бітірер тұста «апай, мынаны сізге ескерткіш қылып алып келіп едім. Мына жеріне бор салып қоясыз» деп айтты. Қазақта «ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» деп айтады ғой. Ақкөңіл Жанболатым бір жерден жарқырап шығады деп отырмын.

Жалпы, өткен жылы Индер ауданынан 127, ал, Есбол ауылынан 29 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.Соның бірі – Жанболат Бозбанов.

Құзырлы органдар болса, іздеу жұмыстары жүріп жатыр, әзірге ешқандай хабар жоқ деп отыр.

Аядай үйде бауыр еті баласына деген сағынышты серік еткен Жанболаттың анасы терезеден қайта-қайта қарайлап, әскерге аттанған сарбаз ұлын асыға күтуде. Жақсылықтан үміт үзбеген ана жүрегі Жанболаттың аман-есен ораларына сенеді.

  

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу