Астана іргесіндегі Қараөткел ауылында жеке тұрғын үй өртке оранып, бір отбасы аязды күні далада қалды. Зардап шеккендер жоқ. Бірақ, бүкіл дүние-мүлкінің күлі көкке ұшты. Оқыс жағдайға тап болған үш балалы отбасына көршілері қолдан келер көмегін көрсетуде. Оларға уақытша паналауға орын бөліп берген. Ал, қызыл жалынның шығу себебін мамандар «о баста қауіпсіздік талаптары сақталмағандығынан», дейді.
Шырт ұйқыда жатқан отбасы түнгі сағат үш шамасында шошып оянады. Қауіпті сезгендей, ең алдымен тұрған әкесі. Ол жанталаса жүріп, әйелі мен балаларын сыртқа алып шығып үлгеріпті. Ағаштан салынған үй лаулап жанып жарты сағатта-ақ сау-тамтығы қалмаған. Өрттің аумағы 150 шаршы метрді құрады.
Алмат Мирзалиев, Қараөткел ауылының тұрғыны:
- Түнгі үште ұйықтап жатқанбыз. Пештің қайнаған, тарсылдаған даусына шошып оянып, қарасам, шатырдан от қатты лаулап жанып жатыр екен. Үстімізге киімдерімізді де кимей, далаға сол жалаң аяқ шығып кеттік. Көршіміздің үйіне барып, олар үйге кіргізіп, жылы киім берді. Сол жерде жан сақтадық.
Өрт оқиғасы туралы хабар Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне сағат 3:20-да түскен. Бірақ, бес жарымда ғана оқшауланып, сағат 6-да ауыздықталды. Бірінші қазандық, сосын екі баллон жарылған. «Өрт сөндірушілер кешігіп жеткенше, үй де жермен-жексен болды», - дейді. Себебі, екі мектебі бар үлкен ауылда тиісті мекеме жоқ. Оның үстіне жолдары да ойдым-ойдым.
Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:
- Өрт шығуының алдын ала себептері жылыту пештерін салу кезіндегі өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзушылық. Өртті жоюға Ақмола облысы және Астана қаласы өрт сөндіру қызметтерінің қызметкерлері жұмылдырылған болатын.
Сөйтіп, тілсіз жау салдарынан Мирзалиевтер отбасы дымсыз қалды. Алайда, қоңсы тұратындар қолдау танытты. Бір көршісі уақытша баспана ұсынса, басқалары соның ішін толтыруға атсалысуда.
Іргелес көршісінің үйі мейірімді жандар жинаған жылуды сақтайтын қоймаға айналды. Баспанасынан айырылған отбасы да көбіне осы үйде болады. 6, 12 және 16 жастағы үш ұлы бар. Үлкені мен кенжесі ата-анасының қасында. Ал, ортаншы баласы суықтап, ауырып қалған. Алайда, қайырымды жандар оларды қайғыртпайды .
Биғали Нұрмұратов, көршісі:
- Астанадан Ильинкаға көрмеген кісілер мекенжайды тауып келіп, барлық көмектерін әкеп беріп жатыр. Бір күннің ішінде 1,5 млн. ақша жиналды. Азық-түлік, көрпе-төсегімен есептегенде 2 млн-нан асып кетті. Не деген ауызбіршілік, не деген құрмет. Қазақ халқына ризамын.
Мирзалиевтер әулеті көңілдеріне медеу, өздеріне демеу болған көпшілікке дән риза. Бастысы, бәрі дін аман. Ал, олардың аяққа тұрып, қатарға қосылуына «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»,- деген қағиданы қаперден шығармасақ, жеткілікті.
Үйі өртеніп кеткен Алмат Мирзалиевтің отбасына қолұшын беремін деген қайырымды азаматтар экранда көрсетілген есепшотқа қаржы аудара алады.
ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК ШОТ: № – KZ 509480001А02042547
QIWI ӘМИЯН KASPI GOLD: 840113450715
87011482553 АЛМАТ МИРЗАЛИЕВ, МЕНКЕ ИСАКОВА
Нысаналы ЫҒЫЛ
