Жалпы, былтыр сынамаға алынған 3200-ден аса азық-түлік өнімдерінің 670-і техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген. Оның ішінде тек отандық емес, АҚШ, Украина, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген тауарлар бар. Әсіресе, сүт, шұжық өнімдерінің шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмей, қаптамадағы ақпарат мемлекеттік тілде жазылмапты. Бүгінде талапты бұзып, заңды белден басқан 62 кәсіпкерге Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері айыппұл салып, 4 істі сотқа жіберген. Аталған орган өкілдері енді ай сайын тексеріс жүргізіп, сапасыз тауарды өндірушіні, тасымалдаушы мен сатушыны Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің реестріне тіркеп отырмақ. Нәтижесінде халық сол жерден талапқа сай келмейтін өнімдерді біле алады.
Қарлығаш Әбішева, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
- Тек қана азық-түлік тауары емес, сонымен қатар, азық-түлік емес тауарлар, оның ішінде ойыншықтар, парфюмериялық-косметикалық тауарлар, тұрмыстық химия тауарлары тексеруге алынды. Олардың 21 пайызы сәйкес келмеді. Сәйкес емес өнімдер тауардан алынып тасталынып, өндірушілерге қайтарылды.
Елдос САПАРҒАЛИ