Астанада террорлық қауіпсіздік талаптарын орындамаған мекемелерге 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада террорлық қауіпсіздік талаптарын орындамаған мекемелерге 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

25.01.2018

Лаңкестік әрекеттің алдын алу мақсатында қала бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері тексеруден өткен 61 нысанның 44-і заңды нормативке сай болып шықты. Мамандар «бұл жаман көрсеткіш емес», -  дейді.

2016 жылдан бері Астанада террорлық тұрғыда осал объектілерді жүйелі түрде тексеру жұмыстары басталып кеткен. Мәселен, өткен жылдың өзінде бас шаһарда дәл осындай санатқа жататын 1100 ғимарат анықталды. Лаңкестік әрекеттің алдын алу үшін қойылатын басты талап, телевизиялық жүйеге қосылған бейне бақылау камерасы болуы шарт.

Бұл тек қойылатын талаптардың бір парасы. Қазір Астанадағы мемлекеттік маңызы бар және адам көп шоғырланатын ғимараттардың барлығында антитеррорлық паспорт болуы керек. Сондай-ақ, әр объектіде жұмыс істейтін азаматтар арнайы оқудан өтіп, кез келген жағдайға дайын болуы тексеріледі.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл қызметкерлері бірінші кезекте оқу ордаларына баса мән береді. Қаладағы барлық мектептерге жекелей кіріп, ішкі тәртіппен танысып, қауіпсіздік деңгейін анықтайды.

Ирина Самсонова, қалалық №31- мектептің директоры:

- Бізде бақылау камераларымен қатар мектептегі барлық қызметкерлермен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ішкі істер қызметкерлерімен етене жұмыс істейміз. Оқу ордасына кіре берісте лаңкестік әрекет кезіндегі іс-қимыл алгоритмі көрсетілген хабарламалар бар.

Дегенмен, қойылған талапты орындамаған нысандардың жетекшілеріне осы уақытқа дейін 44  әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, айтылған ескертпені пысқырмағандарға 100-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу