11 кәсіпкер шығындарын қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

11 кәсіпкер шығындарын қайтара алмай жүр

25.01.2018

11 кәсіпкер Қорғаныс және ішкі істер министрлігінің жауапсыздығы салдарынан қыруар шығынға батқан.  Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабарлап отыр. Айтуларынша, бірқатар шенеуніктер мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заңды бұзып, шағын кәсіп иелерінің 200 миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырған.  Келісімге сәйкес, кәсіпкерлердің бірқатары әскерилерді тамақтандырса, енді бірі мектепті күрделі жөндеуден өткізген. Бірақ, әлі күнге дейін тиісті қаржы қолдарына тимепті. Ал, осы аралықта кейбір компаниялардың жұмысы топтап қалған.

2016 жылдың соңында Қорғаныс министрлігі байқау процедуралары шешілгенше,  шағын кәсіп иелерімен уақытша келісім жасасқан. Яғни, олар  3 ай бойы Алматы, Тараз, Аягөз, Астана қаласындағы әскери бөлім қызметкерлерін  өз қаржысы есебінде  тамақтандырған.  «Асын ішіп, аяғына түкірді», деген осы болар. Содан бері, жыл өтсе де ақысын төлемей жүр.  Кәсіпкерлер көзге түссек, кесірі тиер деді ме, бұл жиынға қатысқан жоқ. Олардың атынан қатысқан қорғаушысы сөйледі.

Мұхтар Қожахметов, зардап шеккен кәсіпкерлердің қорғаушысы:

- Келісімшартты олар міндетті заңда белгіленген мерзімде берген жоқ. Келісімшарт мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Сол себептен, кәсіпкерлер тиісті ақшасын ала алмай жүр.

Кәсіпкерлер ақшасын қайтара алмағаны себепті, жұмысы тұралаған. Қоластындағы қызметкерлерге ақы төлеу қиындаған. Одан қалды салығы мен өтейтін несиесі жағадан тартып әлек.  Қорғаныс министрлігі өз кезегінде бұл мәселені келесі себеппен түсіндірді.      

Александр Степаненко, ҚР Қарулы күштері мемлекеттік сатып алулар бас  басқармасының бастығы:

- Жылдың соңы болды. Есеп жабылып қалды. Кейін біз де, жеткізуші компания да мәселеге егжейлі-тегжейлі қарамағанбыз. Қазынашылық органдарға тіркеу жөнінде хат жазып едік, өтінішіміз уақытылы берілмегендіктен, қабылданбады да осындай жағдай болды.

Мәселе бұл ғана емес, Шымкент  қаласында әлеуметтік мекемелерде күрделі жөндеу жасаған кәсіпкерлер де ақысын ала алмай жүр. Солардың бірі Руслан Өтешов.

Руслан Өтешов, кәсіпкер:

- Ақша әне-міне болады деп алдап келеді. Қарыздарым бастан асады. Қосалқы компанияларға төлеуім керек. Қоластымда 30 адам істейді. Қазір жағдайымыз мүшкіл.

Салдарынан жауапты компанияның жұмысы тоқтапты. Қазір қос мәселеге  қатысты сот шешімі шыққан. Талап бойынша, Қорғаныс және ішкі істер министрлігі де тиісті қаржыны кәсіпкерлерге қайтаруға міндетті.

Қайырбек Сүлейменов, ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кеңестің төрағасы:

- Сіздерге бір ай уақыт береміз. Егер кәсіпкерлер іс қозғалды, мәселе шешілді деп айтатын болса, біз бұл жағдайды бақылаудан шығарамыз. Осы уақыт аралығында түйіні табылмаса, мемлекеттік органдарға жаза қатаң болады. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Егер бір айдың ішінде мәселе шешілмесе, Қорғаныс министрлігіне қатысты материал  Бас әскери,  прокуратураға,  ал Ішкі істер министрлігінің ісі  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданбақ. Олқылыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлер  болса жауапкершілікке тартылып, қызметтерінен босатылды.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу