Архив электронды нұсқаға көшіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Архив электронды нұсқаға көшіріледі

24.01.2018

Қазақстанда енді мұрағаттағы материалдар да электронды нұсқаға көшіріледі. Мәжілістің жалпы отырысында осындай өзгерісті қамтитын құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Электронды форматқа көшірудің тиімділігі мол. Бұл өрт шығу, жер сілкінісі және өзге де табиғи апаттар кезінде жойылған құжатты басқа қалада сақталған көшірмесі арқылы қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Ал, кейбір қызмет түрлері ақылы болады. Ақылы қызмет - ғылыми жұмыстар жүргізу, мектеп оқушыларының қатысуымен өтетін сабақтарға қатысы жоқ. Еліміздегі заңды тұлғалар мен  шетелдік азаматтардан келген сұраныстарға қатысты. Түскен табыс архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру, өзге де қажеттіліктерге жұмсалады. Өйткені, бұл салада кәсіби кадр тапшы, ал  үш мың адамның тек 2,5 пайызының ғана арнайы дипломы бар.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлеуметтік сала қызметкерлерінің арасында ең төменгі жалақы алатын архивариустер. Республика бойынша жыл сайын бітіретін небәрі 30-35 түлек осы мамандыққа деген қажеттілікті қалай жаба алады? Осыған байланысты екі министрлік бірлесе отырып, бірлескен шараларды жасауды ұсынамын.

Сонымен қатар, жалпы отырыста Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Шарттың мақсаты - экстрадиция мәселелерінде екіжақты ынтымақтастықты орнату.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу