ШҚО-да жолда қалған 30-ға тарта адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жолда қалған 30-ға тарта адам құтқарылды

24.01.2018

Шығыс Қазақстанда сақылдаған сары аязда жолда қалған 30-ға тарта адам құтқарылды. Екі жүргізуші мен 27 жолаушысы бар автобус Алматыдан Зайсанға бет алған. Аягөз қаласынан 40 шақырым жерде кенет тоқтап қалған. Межелі жерге құтқарушылар мен полицейлер дереу жеткен. Жолаушылардың барлығы дін аман. Ал, облыс орталығында таңертең қоғамдық көліктің 82 пайызы ғана жолға шыққан. Оның өзінде кешкілік уақытта біразы істен шыққан.

Ернар Мұстафин, Өскемен қаласы жолаушыларды тасымалдау басқармасы орталығы директорының орынбасары:

- Күн райының күрт суытуына байланысты техникалық ақау салдарынан кешке автобустардың тек 63 пайызы ғана жұмыс істеді. Қоғамдық көліктердің істен шығуының басты себебі – дизель отыны мен пневматикалық жүйелердің қатып қалуы.  

Сондай-ақ, Алматы –Екатеринбург тас жолының Теміртау қаласы тұсында 35 жүк көлігі мен 5 автобус күшті аяздың салдарынан кептелісте тұрып қалған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола облысымен шекарада көліктердің қозғалысына шектеу қойылғандықтан, осындай жағдай қалыптасқан. Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдай қызметкерлері автобустардағы жолаушыларды эвакуациялаған. Олар уақытша жатақханаға, жақын маңдағы кэмпингтерге орналастырылды.

 

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу