Қатты аяздың кесірінен аяқ-қолдары үсіген тұрғындар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатты аяздың кесірінен аяқ-қолдары үсіген тұрғындар көбейген

23.01.2018

Астанада соңғы үш күнде қатты аязда үсік шалған 31 адам медициналық көмекке жүгінген. Ал, дәрігерлердің сараптамасынан кейін олардың екеуі ауруханаға жатқызылды. Стационарлық бақылауға алынған екі науқас кәмелет жасына толмаған балалар. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, үсік шалғандардың көбі далада жұмыс істейтін азаматтар. Ауруханаға жатқызылған науқастардың қазіргі жағдайы жақсы.  

Желеухан Пірімқұлов, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

- Науқастардың ең бірінші ашық жерлері үсіген.

Арқаның қытымыр аязында алдымен тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтарға қауіп төнетіні белгілі. Қазірдің өзінде Астанадағы оңалту орталығына дала кезіп жүрген 45-ке жуық азамат жеткізілген. Аяздың беті қайтқанша оларға жылы орын мен ыстық тамақ беріледі. 160-тан астам орынға арналған орталық қазір күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп тұр.    

Динара Шапина, КММ «Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды оңалту орталығы» директорының орынбасары:

- Бізде жедел нөмір жұмыс істейді. Сол арқылы тұрғындар хабарласып, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар туралы хабар беріп отырады. Орталыққа жеткізілген азаматтарға жеке төсек жабдығы мен үш мезгіл тамағын береміз.  

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу