Шетелдік БАҚ Президенттің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі сөзі туралы жан-жақты ақпар таратты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік БАҚ Президенттің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі сөзі туралы жан-жақты ақпар таратты

19.01.2018

Солтүстік Кореяның ядролық амбициясы - бүгінгі әлем үшін ең өзекті проблемалардың бірі. Егер оған тосқауыл қойылмаса, ертең басқа мемлекеттер де атом қаруын иеленуге ұмтылуы мүмкін. Сондықтан, Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде жасаған мәлімдемесі дүниежүзі назарын өзіне аудармай қоймады. Ол турасында Американың «The Washington Post», Жапонияның «Asahi Shimbun», Оңтүстік Американың «The Latin American Herald Tribune» мақала жариялады.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі, Елбасының Вашингтон мен  Нью-Йоркке сапары және Президенттің Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі. Бұл мәселелерге қалам тартқан беделді басылымдардың бірі  – Американың әйгілі «The Washington Post» газеті.

Екі бетке жарияланған мақаланың тақырыбы: «Қазақстан Президенті Солтүстік Кореяны өз елінен үлгі алып, ядролық амбициядан бас тартуға шақырды». Онда автор «Қауіпсіздік Кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев Пхеньянмен келіссөз жүргізу - АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы сенімді қайта қалпына келтіргенде ғана мүмкін болатынын айтты», - деп жазады. 

Бұл проблема Азия елдерін де бейжай қалдырған жоқ. Енді күніне миллиондаған тиражбен шығатын Жапонияның «Asahi Shimbun» ұлттық газетіне назар салайық. Оның мәліметінше, «Назарбаев бес ядролық держава – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Францияны – Солтүстік Кореяның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның келіссөздер үстеліне қайта оралуына жағдай жасауға шақырды».

Ал, ең ірі халықаралық жаңалықтар агенттіктерінің бірі «Associated Press» тілшісі өз материалын «БҰҰ: ядролық қарудан қауіп төнді» деп бастаған. Бұл мақалаға  жүгінсек, «Қазақстан Президенті Назарбаев пен Қытайдың осы ұйымдағы тұрақты өкілінің орынбасары У Хайтао Иранмен жасалған келіссөздер келешекте әлемге үлгі болуы керек», - деп мәлімдеді.

Оңтүстік Американың әйгілі басылымы «The Latin American Herald Tribune» газетінің хабарлауынша,  «Қазақстан Президенті Назарбаев пен Трамп АҚШ-тың Ауғанстандағы жоспарын талқылады». Және де осы басылым қазақтандық сарапшы Ерлан Қариннің «Назарбаев пен Трамптың кездесуі Ауғанстан проблемасын шешуге серпін береді», деген пікірін келтірген екен. 

Бұл сапарды  Әзірбайжанның «Azernews» онлайн-газеті де назардан тыс қалдырған жоқ. Оның мақаласы «Назарбаев пен Трамптың кездесуі Қазақстанның аймақтағы басты ел екенін көрсетті» деген тақырыппен жарияланды. Авторға жүгінсек, Дональд Трамптың президент болғалы Орталық Азия мемлекетінің басшысымен алғаш рет кездескені Қазақстанның өз аймағында шешуші рөл ойнайтынын көрсетті.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу