Мемлекеттің цифрлық жүйедегі қызмет көрсету саны артады
Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін проактивті тәсілге көшіру жұмыстары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Басты мақсат - азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада сапалы қызмет көрсету. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Мәселен, былтыр 38 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 24 млн-нан астамы электронды нұсқада берілді. Одан бөлек, бірнеше жерде және бірнеше күнде атқарылатын қызмет түрлері бір терезе қағидасына біріктірілді. Осы уақытқа дейін тұрғындар заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге тұрғызған соң, банктік шот ашу үшін мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы банкке апаратын. Содан кейін жұмыскерлерді міндетті сақтандыру үшін сақтандыру компаниясына баруы қажет еді. Қазір бұның барлығы екі күн ішінде орындалады. Тіпті, әлеуметтік қызметтерді бір SMS арқылы рәсімдеуге болады.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:
- Біз жүзеге асырған жобалардың бірі баланың тууына байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну. Бұл жоба бойынша босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, Туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті, тиесілі жәрдемақыларды рәсімдей алады. Қазіргі таңда 12 мыңға жуық әйел SMS жіберіп, оның 4 мыңға жуығы осы тәсілмен қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы