Ақтөбеде жолаушылары тірідей жанып кеткен мәйіттер түнде облыс орталығындағы мәйітханаға жеткізілді. Күйіктің қатты болғаны соншалық, мүрделерді тану қиынға соғып жатыр. Қазір күйіп кеткен 52 адамның 44-нің ғана кім екені анықталып отыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, автобуста 31 және 24 жастағы бір үйдің екі баласы болған. Жолаушылардың ең жасы 19 жаста болса, үлкені 50-ге жақындаған. Түнде жеткізілген мәйіттерге сот-медициналық сараптама жұмыстары басталып кетті. Жұмыс толық аяқталысымен мүрделер көрші елге жеткізіледі.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта 44 адамның денесі анықталды. Қатты күйіктен денелерді анықтау қиынға соғып жатыр. Жұмыс ауқымы өте үлкен. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
Ақтөбеге кеше кешкісін Ташкенттен арнайы рейс ұшып келді. Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі Рустам Джураев бастаған делегация жеткен бойда Ырғыз ауданына аттанды. Арнайы үкіметтік комиссия автобустың өртену себептерін анықтайды. Оның құрамында көрші елдің Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бар.
Райгүл ЕНШІБАЙ