Бұл оқиға Іле ауданы Боралдай кентінің Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектебінде болған. 6-сыныптың оқушысы ұстазының өзіне қол көтергендігін айтқан. Оны естіген әке-шешесі болған жайттың анық-қанығын анықтамастан, мұғалім Гүлзира Әбділдаеваны ұрып-соққан. Соның салдарынан оның бас-миы шайқалған. Қазір ол жергілікті ауруханада жатыр. Ал, әріптестері Гүлзираның шәкірттерін ұрмақ түгілі, дауыс көтермейтіндігін жеткізді. Өзінің де екі баланың анасы екен.
Осы мектепте оқитын 6-сынып оқушысы үйіне «ұстазым мені ұрды» деп шағымданып барған. Алайда, бұл істің ақ-қарасына көз жеткізбеген ата-ана келіп ұстазды соққыға жыққан. Бұл жерде бір мұғалім ғана емес, екі ұстаз таяқ жеп, біреуі қатты жарақаттанды. Қазір ол ауруханада жатыр.
Оқиға өткен жұмада болған. 6-сынып оқушысы Вагиф Кулиев мойнына бағалы бұйым тағып келген. Мұны көрген биология пәнінің мұғалімі Гүлзира Әбділдаева оны жоғалтып алса, мектеп ұжымы жауап бермейтіндігін ескерткен. Алайда, оқушы ата-анасына «ұстазым маған қол көтерді», деп жеткізген. Сөйтіп, баланың ата-анасы мәселенің байыбына бармай, ұстазды ұрған.
Салтанат Бектұрғанова, Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің директоры:
- Ол оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Сол күні өзінің жұмыс орнында отырған. Мұғалім өте жақсы. Беделді, жұмысы да өте жақсы. Өте сыйлы.
Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, Вагиф сабақтан үнемі себепсіз қалатын оқушы. Әрі сабақ үлгерімі де нашар.
Гүлзира Әбділдаеваны Вагиф Кулиевтің анасы ғана емес, әпкесі екеуі бірігіп ұрып-соққан. Сол кезде араша түсемін деп киліккен әріптесі де оңбай таяқ жеген. Жарақат алған ол да қазір ем қабылдап жатыр.
Аман Қазыбаев, Боралдай кенті аудандық ауруханасының травматолог-дәрігері:
- Бас-ми шайқалуы болды. Рентген жасап, хирургия бөліміне жатқыздық.
Бас-миы шайқалып, жүйкесі сыр берген 34 жастағы Гүлзира Әбділдаеваның ешкіммен тілдесуге қауқары жоқ. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Дәурен Иманалиев, Боралдай кенті аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
- Қазіргі таңда науқас Гүлзира Әбділдаева хирургия бөлімінде 2 тәулік бойы тағайындалған емдерін алып жатыр. Жағдайы түскендегіге қарағанда бірқалыпты.
Күтпеген жерден таяқ жеген ұстазбен психологтар тілдесіп, қарауына алды.
Ернар Сайдильдин, облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
- Қазіргі таңда дене жарақатын келтіру дерегі бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік өндіріс жүргізілуде.
Жергілікті құзырлы органға екі жақ та бір-бірінің үстінен шағым түсіріп, арызданды. Ал, дәл қазір осы оқиғаны егжей-тегжей тексеру үшін қосымша сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ