Елордадағы заманауи үлгідегі балабақшаның ашылуына Гүлшара Әбдіқалықова қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы заманауи үлгідегі балабақшаның ашылуына Гүлшара Әбдіқалықова қатысты

17.01.2018

Астана қаласының сол жағалауында 350 орындық  балабақша ашылды. Заманауи үлгідегі ғимарат Президент іс-басқармасы Медициналық орталығының жанынан салынған.  Енді мемлекеттік қызметкерлердің балалары дәл осы шаңырақта мектепке дейін білім алады. Жаңа орталықтың ашылуына  Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, ата-аналар мен балалардың қуанышына куә болып қайтты.

Балабақшаның іші кең. Жанға жайлы. Мұнтаздай таза. Бөбектердің  мектепке дейін білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ән, би үйірмелері мен спортзал, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері мен  интерактивті тақталар бар. Тіпті, физиокабинет пен массаж бөлмесі де  жұмыс істейді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Осы Тәуелсіздігіміздің 26 жылында балалардың дамуына, денсаулықтарының мықты болуына аса көңіл бөліп, елімізде көптеген бағдарламалар қабылданды. Міне, елордамыздың 20 жылдығының тұсында ең бірінші осындай жақсы ғимарат іске қосылып жатыр. Сонымен шын жүректен сіздерді құттықтаймын.

Ал, тәрбиешілердің барлығы дерлік жоғары білікті мамандар. Олар әлемнің  ең үздік оқыту технологияларын қолданады. Оқу-тәрбие барысы үш тілде жүргізіледі.

Гүлнәр Абдуллина, «Қарлығаш» балабақшасының директоры:

- Астанада 20 жыл ішінде туу көрсеткіші 2,5 есеге артқан. Сырттан көшіп келушілер саны да толастар емес. Сондықтан да мұндай нысандардың көптеп ашылуына  ең алдымен ата-аналар тарапы қатты қуанады.

Жалпы, өткен жылы елімізде 800-ден аса балабақша ашылса, оның 80-і елордада есігін айқара ашты. Мемлекет тарапынан  2020 жылға дейін балғындарды 100 пайыз балабақшамен қамту міндеті көзделген. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 90 пайызға жетіп отыр.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу